«Болашақ» халықаралық стипендиясы конкурсына арналған брифинг өтті

12 қазан күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Мәдениет орталығының кіші залында ХҚТУ «Халықаралық серіктестік орталығының» ұйымдастыруымен «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау қағидаларына қатысты және конкурсқа қатысу талаптары түсіндірілген брифинг өтті.
Шараға Халықаралық жобалар қызметін дамыту академиялық ұтқырлық бөлімінің басшысы М.Темірбеков, қызметкерлер, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Брифингті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілі А.Н.Нұрманов жүргізіп, Болашақ» халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау қағидаларына және құжаттарды тапсыру тәртібіне енгізілген өзгерістер туралы баяндады.
«Болашақ» бағдарламасына енгізілген өзгертулерге келер болсақ: шетелдік жетекші ЖОО-на өз бетінше түскен тұлғалар үшін дипломның орташа балына қойылатын талап төмендетілгенін; тағылымдамадан өту үшін «Ғылыми қызметкерлер», «Астана» халықаралық қаржы орталығын құруға қатысты прокуратура, сот, қаржы секторы қызметкерлері» мен «Ақпараттық қауіпсіздік» санаттары белгіленгені айтылды.
Сонымен қатар, Алтай Нұрланұлы 23.04.2018-15.05.2018ж.ж. дейін Астана, Алматы, Ақтау, Қызылорда, Жезқазған, Тараз және Шымкент қалаларында Ресей ЖОО-да оқуы үшін бюджеттік орындарға қабылдау емтихандары өткізілетінін, үкіметаралық келісімдер негізінде шет мемлекеттердің Қазақстан азаматтарына ұсынған қомақты гранттарға құжаттар қабылдау жүргізілуде екенін жеткізді.
Қатысушылар маңызды ақпаратқа қызығушылық танытып, барлық сұрақтарға тиісті жауап алды.

Д.Жұмағалиқызы,
Ақпарат орталығы