Университет ректоры Халықаралық Форумға қатысты

Астана қаласындағы  “Назарбаев орталығында” “Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі” (АРТА) Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы қорымен бірге  “Білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша II Орта Азиялық Халықаралық  Форумы” өткізген болатын.

Халықаралық форумға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы  қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету Еуропалық реестрінің президенті, профессор Карл Дитрих, Білім беру саласындағы Ұлттық аккредиттеу агенттігінің “Росаккредагентство” директоры Измайлова Л.С., ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, “Тұран” университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Алшанов Р.А. құттықтау сөз сөйлеп, білім беру сапасына қатысты баяндамалар жасады. Сонымен қатар жиын барысында, Қожа Ахмет Ясауи  атындағы  Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Болатбек Абдрасилов, “Орталық Азия елдерініндегі ESG имплементациясы” атты панельдік сессияда “Ахмет Ясауи университетінің іс-әрекеттерін модернизациялау” тақырыбында баяндама жасады. 21 ғасырдағы әлемдік университеттер мен даму шарттары, әлемдік рейтинг критерийлері, Қытай, Ресей және Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғарғы білім беру ұйымдарының рейтингтік көрсеткіштері, сондай-ақ “Білім туралы” заңға енген өзгерістер мен Ахмет Ясауи университетіндегі негізгі проблемаларға талдау, университет қызметін модернизациялау бойынша белгіленген 8 міндеттер туралы айтты. Ауқымы мен аясы кең баяндаманы  қатысушылар ыстық ықыласпен тыңдады. Айта кететін жайт,  университеттің отыз білім беру мамандығын АРТА агенттігі арқылы 2018-2019 оқу жылында аккредиттеуден өткізу  туралы келісім-шарттар жасалды.