Жастар театрының жұлдыздары университетімізде

Бүгін 2 қазан күні Халықаралық қазақ-түрік университеті кітапхана мәжіліс залында ақпарат орталығының ұйымдастыруымен Жастар театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов, бұлбұл дауысты актриса Алтынай Нұрбек және көпшілікке «Алмас қылыш» фильммен таныс актер Әшім Ахметовпен есте қаларлық ерекше кездесу өткізілді. Кешке университетіміздің жалынды студенттері мен қала тұрғындары қатысып еркін пікір алмасты. Актерлік шеберлік және журналистика мамандығында оқып жатқан студенттер өнер иелеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Кездесуді ұйымдастырудағы басты мақсат, талантты студенттердің талабын шыңдап, өнер әлеміндегі қызықты да қиын дүниелерді ұғындыру. Мамандыққа деген негізгі қажетті қасиеттерді бойларына сіңіру. Кездесу барысында дауысы ерекше актриса Алтынай Нұрбек көпшіліктің сұрауы бойынша «Бұлбұл» әнін шырқап, айрықша қошеметке бөленді. Сондай-ақ гитарамен ән салған актер Әділ Ахметовті көрермен ерекше қырынан таныды. Жігітке жеті өнер де аз деген ұстанымды ұстанатын Әшім Ахметов мысал оқып шынайы талант иесі екендігін танытты. Сонымен қатар Жастар театрын Түркістан жұртшылығы асыға күтетіндігін білдірген көрермендер, келесі жылы арнайы ат басын бұрып, қойылыммен келулерін өтінді. Осылайша еркін түрде өрбіген кездесуде студенттер көптеген құнды мәліметтер алып ерекше көңіл күймен тарқасты. Айта кететін жайт, осындай әсерлі кештің өтуіне жағдай жасаған университет басшылығы қонақтарға арнайы сый-сияпат көрсетті. Тиісінше танымал өнер жұлдыздары да ықылас пейілге ризашылықтарын білдірді.
Ақпарат орталығы