Өкілетті кеңес Университетіміздің стратегиялық жоспарын мақұлдады

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңесінің 58-мәжілісі өтті.
Өкілетті Кеңес төрағасы, доктор, профессор Мұса Йылдыз Өкілетті кеңес Басқармасы тарапынан атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді. Күн тәртібі бойынша университет ректоры, профессор Болатбек Абдрасиловтің 2017-2018 оқу жылында ректораттың атқарған қызметі туралы мәліметі мен бірқатар жетістіктері жөніндегі есебіне оң баға берілді.
Кеңесте университет Жарғысының 5-бабы (Һ) тармақшасына сәйкес, Университеттің 2019-2023 жылдарға арналған 5 жылдық Стратегиялық жоспары қабылданып, бекітілді.
Талқылау барысында Сапа менеджменті жүйесі мен мәдениетін дамыту мақсатында нақты жұмыстар жүргізу, Университет құрамында Сапа комитетін (кеңесін) құру, білім ордасының халықаралық мәртебесі аясында академиялық және басқару еркіндігін кеңейту жолдарын қарастыру, Медицина және Стоматология факультеттерінде зерттеу лабороторияларының санын арттыруға бағытталған ұсыныстар дайындау, академиялық және әкімшілік қызметкерлерді университетке тарту мақсатында ынталандыру жолдарын қарастыру жөнінде шешім қабылданды.
Мәжілісте Университет құрылымына түбегейлі өзгерістер енгізу, құрылысы жоспарланған ғимараттар туралы ректорат ұсынысы да талқыланды. Талқылау нәтижесінде, бірінші кезекте Түркия Республикасы тарапынан жоспарланған 48 пәтерлік 6 коттедж, Қазақстан Республикасы тарапынан 500 орындық жатақхана, ТИКА тарапынан 50 орындық қонақ үй, 1 оқу ғимаратының құрылысы туралы Университеттің Бас құрылыс жоспары Өкілетті Кеңес мүшелері тарапынан мақұлданып, құзіретті мемлекеттік мекемелермен бірге қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу жөнінде шешім қабылданды.
Жаңа мамандықтар ашу және Қазақстан Республикасы тарапынан берілетін грант санын арттыру туралы Сенат шешімі талқыланып, ҚР БҒМ-не қажетті ұсыныс-сұраныс жіберу ұйғарылды.
Кеңесте Инновациялық өнімдерді (өндірісті) дамытуды ынталандыру мақсатында Университет құрамында Технологияларды коммерциялизациялау офисін (ТКО) құру туралы ұсыныс талқыланып, мақұлданды. Басқа да университетке қажетті инновациялық инфақұрлымның элементтерін (бірліктерін) ашу туралы шешім қабылданды.
Өкілетті Кеңес құрамында ішінара өзгерістер болды. ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Мұрат Жұрынов Үкімет Қаулысымен жаңа мүше ретінде қабылданды.
Кеңес құрамда ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, ҚР Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаменті директорының орынбасары Мейрамгүл Қоянбаева, ТР Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Төрағасы Сердар Чам, ТР Қаржы министрлігі Салықтық бақылау кеңесінің Төрағасы Хусейн Қарқұм секілді лауазым иелері бар.

Ақпарат орталығы