Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын Станбул мен Анкарадағы жастар қолдайдындықтарын білдірді

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты тұтас Түркі әлемі айрықша құрмет тұтып, «Ақсақалымыз!», — деп, төбесіне көтере дәріптейді. Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атауымен жарық көрген мақаласынан кейін бұл құрмет тіптен жоғарылады.

Елбасы  негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Өкілетті Кеңес Басқармасы ұлы дала ұлағатын ұлықтаған маңызды мақаланы талқылап, тағылымды жиын ұйымдастырды. Алқалы жиынға Анкара қаласындағы ілгері оқу орындарының профессорлары мен студент жастар қатысты.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті Өкілетті Кеңесінің Төрағасы, профессор Мұса Йылдыз мәжілісті ашып, басқосудың мәнін баян етті. Елбасымыз мақаласының маңызды тұстарына айрықша тоқталып, ауқымды тұрғыда талдады. Бір жарым жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама-мақаласының заңды жалғасы ретінде жарияланған мақаланың тарихи сананы дүр сілкіндіргеніне назар бұрды. Мұса мырза Президент мақаласында тілге тиек етілген Түркологтардың дүниежүзілік конгресін ұйымдастыру бастамасына айрықша маңыз бере пікір тарқатты. Екі жылда бір рет Түркология конгресін тұрақты түрде ұйымдастырып жүрген бұл оқу орны Елбасы мақаласындағы осынау өзекті мәселеге айрықша көңіл бөліп, мақаладағы бастаманың жауапкершілігін өз мойындарына алып, конгресті Астана қаласында ұйымдастыруға мұрындық болатындықтарын атап өтті.