Түрік еліндегі келіссөздер нәтижесінде Гази университетімен ынтымақтастық арта бермек

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректоры Болатбек Абдрасилов жəне І Вице-президент Женгиз Томар мырзалардың Түркия Республикасындағы іс-сапарларының соңғы күні Түркия Республикасының алғаш құрылған университеті болып табылатын Гази университетінде болып, университеттің ректоры Ибрахим Услан мырзамен кездесті. Кездесуде екі жақты ынтымақтастық пен өзара əріптестікті дамыту туралы келісілді. Сонымен қатар, аталған оқу орнының Технопаркін аралап, Технопарк директоры Тугрул Имер мырзамен жақыннан танысты. Технопаркте жасалып жатқан үздік тәжірибелер мен жаңалықтар туралы толық ақпарат алды. Технопарк 2007 жылы құрылған жəне Түркия Республикасындағы табысты Технопарктердің бірі болып табылады. Құрамындағы 100-ден аса компанияда 2 000 инженер жұмыс жасайды, жылдық капитал айналымы 50 млн АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар, осы Гази технопаркте орналсқан МИА Технологиялары компаниясында болып, компанияның жұмыстары туралы толық ақпарат алды. МИА Технологиялары компаниясы Ақпараттық жүйелер саласында Түркия Республикасында сәтті әрі табысты үздік компанияларының бірі болып табылады.