Университет ректоры өңірдегі ғылымның даму мәселелері бойынша брифинг өткізді

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Абдрасиловтың өңірдегі ғылымның даму мәселелері тақырыбындағы баспасөз брифингін өткізді. Онда өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары қатысып, ғылыми әлеуетті дамыту бағытындағы жұмыстармен танысты.
Атап айтқанда, университетімізде биылғы оқу жылында магистратура, докторантура, резидентура контингенті 30%-ға арттырылды. Отандық озық ғылыми зерттеу орталықтары мен институтарымен (ҚР БҒМ Ұлттық Биотехнология орталығы, ҚР БҒМ Ақпараттық технология және есептеу технологиясы институты, ҚР БҒМ Тарих және этнология институты және т.б) меморандумдар және келісімдер түзілген болатын.
Сондай-ақ универcитетімізде Инновациялық инфрақұрылымның негізгі құраушысы болып табылатын Технологияларды Коммерцияландыру Офисі құрылды. Кентау Трансформатор Заводымен Энергетика, ақпараттық технология және кибер қауіпсіздік салалары бойынша ортақ технопарк құру мәселесінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл бағытта қазіргі уақытта орналасу жері белгіленіп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Және де университет ғалымдарының ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесін коммерцияландыру бойынша Ғылым қорының 3 жылдық мерзімге арналған жалпы құны 745 млн., тенгені құрайтын 4 грантын жеңіп алуы өңір үшін сенсациялық құбылыс деп айта аламыз.
Сонымен қатар, университетіміздің 2 жас ғалымының Халықаралық ірі компания болып табылатын Scopus (ELSEVIER) тарапынан ұйымдастырылған Орталық Азия үшін Scopus Award-2018 байқауында «Best Researcher in Humanities» номинациясында жеңімпаз атануы ерекше атап өтерлік.
Бұған қоса, «Bilig» ғылыми журналының Clarivate Analytics (Tomson Reuters) және Scopus секілді алдынғы қатарлы әлемдік ғылыми мәліметтер қорында индекстелуі, ХҚТУ хабаршысы журналының ҚР БҒМ тарапынан ұсынылған журналдар тізіміне енгізілуі айтарлықтай жетістік болып табылады.
Осы және өзге де дүниелермен таныстырған университет ректорына журналистер сұрақ жолдап тұщымды жауаптар алды. Онда қазіргі Түркістан қаласының экологиялық жағдайы да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ музейлермен байланыстың артатындығын мәлімдеген оқу орда басшысына журналистер қауымы ерекше ықылас білдірді.

Ақпарат орталығы