Оқу орнымыз әлемдік рейтингте жоғарылады

Европалық ғылыми-техникалық палатаның (Academic Ranking of World Universities-European Standard — ARES) рейтингіне қатысушылар саны жылдан-жылға үнемі артып келеді. Бұл рейтингке Білім сапасын қамтамасыз ету Европалық ассоциациясы қабылдаған университеттік білім берудегі Европалық стандарттың, Еврокомиссия мақұлдаған Европалық регистрдің жаңа шарттары ендірілген. Рейтингтің ерекшелігі — мәліметтерді өңдеуде адам факторының әсері жоқ, яғни жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы автоматы режимде жүзеге асады және рейтинг нәтижелері Европалата сайтынан басқа білім мен ғылым саласындағы мемлекеттік, жеке ұйымдар мен компанияларға, түрлі мемлекеттердің министрліктері мен ведомстволарына жіберіледі.
Ахмет Ясауи университеті 2017 жылы бұл рейтингте қазақстандағы 95 жоғарғы білім беру ұйымдарының арасынан 41- орында болса, биылғы рейтингте 96 оқу орны арасынан 11- орынға көтерілген. Бұл жетістіктерге соңғы кезеңдердегі білім беру қызметін жетілдіру және әртараптандыру, жоғары мектеп ашу, дуальды білім беру жүйесін құру, басқа мекеме-ұйымдармен өзара әрекетті күшейту, технологияларды коммерцияландыру кеңсесін құру, өнімді коммерцияландыру жобаларын іске қосу, Smart технологияларды ендіру сияқты қадамдардың оң әсері болғандығы сөзсіз.