Халық қалаулылары университетімізде

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының қатысуымен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» тақырыбында көшпелі отырыс өткізілген болатын. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев, Сауытбек Абдрахманов, Кеңес Абсатиров, Фахриддин Қаратаев, Кәрібай Мұсырман, Айгүл Нұркина, Жәмила Нүсіпжанқызы, Бахытбек Смағұл, Бекболат Тілеухан қатысты. Алқалы жиыннан соң университет ректоры Болатбек Абдрасилов қонақтарды оқу ордамыздың музейімен таныстырып, түркі әлеміне ортақ білім ордасының негізгі ерекшеліктерін көрсетті. Сонымен қатар Рухани жаңғыру бағдарламасының директоры Л.Динашева мен Археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры К.Жетібаев қонақтарды оқу ордамыздың Мәдениет орталығында орналасқан «Ясауи» мұражайындағы құнды дүниелермен таныстырып,ондағы археологиялық-зерттеу жұмыстарының маңыздыларына тоқталды., Орта ғасырлардан сыр шертетін жәдігерлерге халық қалаулылары ерекше таңданыстарын білдірді.
Және де келген қонақтар оқу ордамыздың «Өнер» факультетінде оқитын студенттердің арнайы дайындығын көріп, зор қошемет көрсетті. Қысқаша қойылымдардан үзінді тамашалаған құрметті меймандар жалынды жастардың таланттарына жоғары баға берді.
Сонымен қатар маңызды жиынға орай көне тарихтан сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда елімізге танымал тарихи орындар мен мәдени мұралардың суреттері ілініп, университетіміздің қылқалам шеберлері салған көркем суреттері қойылды.
Айта кететін жайт, оқу ордамыздың фольклорлық ұлт аспаптар ансамбліне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ұлт жанашыры Бекболат Тілеуханов ерекше ықылас білдірді. Сәні мен салтанаты келіскен өнер ұжымына оң бағасын беріп,алғысын білдірді
Ақпарат орталығы