«Түркі дүниесіндегі ортақ әліпби»

Түркология ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 6 ақпанында институт залында «Түркі дүниесіндегі ортақ әліпби» тақырыбында телеконференция болып өтті. Конференцияда осы тақырып бойынша бірнеше жыл еңбек еткен белгілі тіл маманы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Әлімхан Жүнісбек баяндама жасады.
Қазақ тіліндегі дыбыстарды зерттеуге ғұмырын арнаған Ә.Жүнісбектің баяндамасы латын әліпбиінің түркі дүниесінде қолданылу жайы болды. «Әрбір түрік мемлекеттері өздерінше латынға көшіп жатыр. Бірақ бір-біріміздің жазуымызды оқуға мүмкін болмай тұр. Бүгінде ғалымдар өзара бір пікірге келіп, ортақ түркі латын әліпбиін бекітуді ұйымдастырып отырмыз. Онда әріп таңбалар саны 34. Бұл кез келген түркі халқының оқуына әрі жазуына да ыңғайлы. Сондай-ақ заманауи техниканың, яғни компьютердің перне тақтасына да икемді.
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары түрік ағайындар латын әліпбиіне өтіп кетті де, біз саясаттың әсерінен қалып қойдық. Түрік ағайындар еуропа үлгісімен, біздер кирилмен жазуды пайдаланудамыз. Бұл уақыт өте тілдің бір-бірінен алшақтап, тіпті жоғалып кетуіне соқтырады. Міне осындай бір-бірінің әліпбиін оқи алмайтын тығырықтан шығу үшін «Ортақ түрік әліпбиі» дегенді бастама ретінде көтеріп отырмыз», — деп, жалпы түркі жұртына ортақ маңызды мәселені сөз етті.
Конференцияға университетіміздің вице-президенті Ж. Томар, Дайындық факультетінің деканы А. Гүнгүр, Ахмет Ясауи кітапханасының координаторы Ж.Аслан, Түркология ҒЗИ-ы қызметкерлері, филология факультетінің түркі дүниесінен келген оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысып, телесұхбат арқылы ой бөлісті.
Түркілік проблема болған латын әліпбиі жөнінде Университеттің вице президенті Женгиз Томар, ғалымның ойларымен келісетінін және ғалымға қолдау жасайтынын мәлімдеп, профессор Ә.Жүнісбекке алғыс білдірді.