Бастауыш партия ұйымының жиыны өтті

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Мәдениет орталығының үлкен залында «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалы “Тұран” бастауыш партия ұйымының кеңейтілген жиыны өтті. Жиынға 621 партия мүшесі бар ұйымнан 500 адам қатысты. Жиын барысында “Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның кезекті XVIII Съезінде берген тапсырмаларын – «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл — ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларын іске асыру барысы туралы” және «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының конференциясына делегаттарды сайлау“ жөнінде мәселелер қаралды.
Жиын басында университет президенті Болатбек Абдрасилов партия съезінде берілген тапсырмалар мен партиялық жобалар туралы айтып өтті. Олар халыққа жедел әрі нақты әлеуметтік көмек көрсетуді көздеген «Халыққа көмек» жобасы мен әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған «Бақытты отбасы». Олардан бөлек, ауылдық жерлердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Құтты мекен» және ауылдарды әлеуметтік тұрғыда дамытып, ол жақта жұмыс орындарын ашып, халыққа әсіресе, жастарға жайлы өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға арналған «Ауыл – ел бесігі» жобалары бар.
Мұнан кейін “Тұран” бастауыш партия ұйымының төрағасы Жанәлі Дәрібаев жиналысқа қатысушыларға партияның халықпен қуатты кері байланыс жүйесін құрып, қоғамдық қабылдауларды күшейтуге баса маңыз беріп отырғанын атап өтті. Мемлекеттік органдардың назарын қоғамның өзекті мәселелеріне аударып, партия тарапынан тиісті шаралар қабылданатынын және бұл бастаманы билік партиясы мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықтармен бірлесіп жүзеге асыратынын айтып өтті. Көмекке мұқтаж азаматтарға бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінде қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, олар өтініштерін байланыс орталығына хабарласу арқылы немесе электронды пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің көмегімен жеткізе алады.
Жиын соңында 2019 жылы сәуір айында өтетін «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалының кезектен тыс XXXIX конференциясына құрамы 12 партия мүшесінен тұратын делегаттар сайланды.