Ғылым қызметкерлері марапатталды

12-сәуір Ғылым қызметкерлері күні. Осыған орай оқу ордамыздың сенат залында университеттің бірқатар ғалымдары арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Университет ректоры Болатбек Абдрасилов пен I вице-президент Женгиз Томар барша ғалымдарды төл мерекелерімен құттықтап, сәттіліктер тіледі.
Сонымен қатар, Болатбек Абдрасилов тиісті мамандарға бірқатар тапсырмалар да жүктеді. Ғылымсыз ешқандай университет болмайтындығын айтып, оқу ордамыздың иммиджін қалыптастыруда, бәсекелестікте оқ бойы озық тұру үшін ғылымды басты назарда ұстау керектігін айтты. Ол үшін тек қана сабақ өтіп шәкірт оқыту ғана емес, сонымен бірге үнемі ізденісте болып, халықаралық журналдарға ғылыми мақалалар жіберу,зерттеулерді жүзеге асыру қажеттігін баса айтты. Соңғы бес жылдың қорытындысы бойынша университет ғалымдарының халықаралық журналдарға мақала беруі төмен көрсеткіште. Ол біріншіден ізденіс пен қызығушылықтың аздығы болса, екіншіден, мақала жіберу кезінде университет атауының дұрыс көрсетілмеуінен болып тұр. Стандарт бойынша оқу орнының атауы қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілінде арнайы бекітіліп жазылуы тиіс. Алайда кей жағдайларда бір әріптің қате кетуі немесе аты-жөні қызметі жазылуда кемшілік болған болса рейтингте орынымыз төмендей бермек. Сол себептен оқу орда ректоры Болатбек Абдрасилов алдағы уақытта мақала немесе зерттеулер жіберуде ғылым орталығымен ақылдаса отырып, негіз бойынша жұмыс жасау қажеттігін айтты.
Және де университетке көптеген ұсыныстар түсіп жатқандығын жеткізді. Облыстық әкімдік тарапынан осы ғылым саласын дамыту бойынша үлкен мүмкіндіктер туып тұрғандығын айтқан ректор, оң нәтиже мен көздеген мақсатқа жету үшін барлық талаптарға сай, жан-жақты білімді ғалымдармен мақтана алуымыз керектігін жасырмады.
Сондай-ақ жан-жақтылықты тағы да жақсартатын дүние ағылшын тілін жетік меңгеру. Ол үшін университет алдағы уақытта 130 оқытушыға тегін ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік ашпақ. Бұл сан мұнымен шектелмейді қызығушылық танытқан әрбір қызметкер ағылшын тілін меңгеруіне әбден болады.