БІЛІМ БАҒДАРЛАМАЛАРЫН СЫРТҚЫ БАҒАЛАУ АЯҚТАЛДЫ

Оқу орнымызда 31 білім беру бағдарламаларын АРТА (НААР) агенттігінің эксперттері тарапынан аккредиттеу процедурасы жүргізілді. 13.05.19-15.05.19 аралығында аккредиттеудің бірінші кезеңінде 13 сарапшы сыртқы бағалау жұмыстарын жүргізсе, 16.05.19-18.05.19 аралығындағы екінші кезеңде бұл жұмысқа 14 сарапшы тартылды.
Сыртқы эксперттік комиссия мүшелері университетімізде білім беру бағдарламаларының бағыты ЖОО миссиясымен және мүдделі тараптардың талаптарымен ұштасатынына, нәтижелерге қол жеткізуді бағалаудың қолданыстағы жүйесінің бар екеніне, үздіксіз жетілдіру мен оны жүзеге асыру үшін қажетті ресурстардың жеткілікті екеніне көз жеткізу мақсатында 6 күн бойы тоқтаусыз бағалау жүргізді.
Мәдениет орталығының фойесінде сыртқы эксперттер және вице-президенттердің қатысуымен университет ректоры жаңа кең форматта университет туралы презентация жасады. Аккредиттелетін білім беру бағдарламалары бойынша кластерлерге сәйкес эксперттерге университет ғимараттарында визуалды аралау ұйымдастырылды. Эксперттер №3 ғимараттағы Зоология, Адам және жануарлар физиологиясы, Ботаника, ғылыми-зерттеу зертханаларын, қолданбалы экология, аналитикалық химия, органикалық химия, бейорганикалық химия зертханаларын, физика зертханалары мен кәсіптік білім, математика дәріс, практика бөлмелерін аралады. Симуляциялық орталықты, объективті құрылымдық клиникалық емтихан тапсыру алаңдарын, №2 ғимараттағы физиология, анатомия бөлмелерін көріп шықты.
Эксперттер аккредиттелетін білім беру бағдарламалары бойынша тиісті құжаттарды тексерді, дәріс аудиторияларын, емтихан алу алаңдарын, практикалық оқу базаларымен танысты. Ботаникалық бақ және Ахмет Ясауи кәсіби колледжін, “Экология” ҒЗИ мен “Экология” департаментін, Кентау қаласына Инженерия факультеті лабораторияларын, жаңа технопарк алаңдарын, Кентау трансформатор заводын аралап, Түркістан қаласындағы №23 IT Мектеп- лицей, №24 орта мектеп, М.Әбенова орта мектебі, “Дарын” мектеп-интернаты, Ахмет Ясауи клиника-диагностикалық орталығы, Түркістан қалалық ауруханасында болды.
Сараптамалық топ мүшелері бағдарламаға сәйкес кезең-кезеңмен университет басшылығымен, вице-президенттермен, құрылымдық бөлім басшыларымен, факультет декандарымен, кафедра меңгерушілерімен, оқытушы, студенттермен, магистранттар жұмыс берушілермен және университетті бітіруші мамандармен сұхбаттасты. Кездесу-сұхбат барысында сарапшылар білім саласындағы қызметтерінің сапасы мен тиімділігін жетілдіру бойынша жақсарту жөніндегі ұсыныстарын берді. Ал сыртқы эксперттік бағалаудың есебі агенттіктің Аккредитациялық Кеңесіне ұсынылып, қорытынды шешім шығаратын болады.

Стратегиялық жоспарлау, рейтинг және сапа орталығы