«Түркістан төрінде» сырласу-сұхбат кеші өтті

13 маусымда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәжіліс залында «Түркістан төрінде» сырласу-сұхбат кеші өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен кездесудің мақсаты – Қазақстанның және түркі әлемінің көрнекті ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлерін, спорт және өнер жұлдыздарын, кәсіпкерлерін, айтар ойы бар зиялы өкілдерін шақырып, пікір алмасу. Бүгінгі алқалы жиында қоғамның дамуы, Түркістан өңірінің гүлденуі, оның даму бағыттары туралы ой қозғалып, салиқалы сұхбаттар жүргізілді.
Кездесуді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ашып береді. Жүргізушісі – халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт.
«Түркістан төрінде» жобасының алғашқы қонақтары – Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары, көрнекті қаламгерлер – Төлен Әбдік және Нұрлан Оразалин. Сондай-ақ танымал жазушы, кинодрамматург Смағұл Елубай да Түркістан жұртшылығымен жүздесті.
Сонымен бірге терең мәнді жүздесулер өткізу арқылы жаңа облыстың рухани, мәдени, зияткерлік деңгейін көтеріп, бірлік пен ынтымақты, тұрақтылықты жан-жақты нығайтуға үлес қосу көзделген. Елімізге танымал тұлғалардың айтқан ойлары мен өнегелі ойлары арқылы жастарға, тұрғындарға ой салу, рухани-мәдени әлеуетін көтеру де басты назарда. Айта кететін жайт, бұл жоба әр ай сайын өтіп тұрады.
Алдағы уақытта кездесулерге Мұхтар Шаханов, Мұрат Әуезов, Әкім Тарази, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Мәмбет Қойгелдиев, Мырзатай Жолдасбеков, Олжас Сүлейменов, Берік Әбдіғалиұлы, Нұртөре Жүсіп, Амангелді Айталы, Асқар Жұмаділдаев, Асанәлі Әшімов, Досхан Жолжақсынов, Ордалы Қоңыратбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Дархан Мыңбай, Жамбыл Артықбаев, Мырзагелді Кемел, Қанат Ислам тағы басқа айтары бар азаматтар шақырылады деп жоспарланған.