Медицина қызметкерлерінің мерекесі тойланды

Оқу ордамызда Медицина қызметкерлерінің күні аталып өтілді. Университетіміздің оқу-әдістемелік ісі жөніндегі вице-президенті Өмірбек Үмбетов пен вице-президент Пусат Пилтен оқу орда басшылығы атынан құттықтауларды жеткізіп, зор алғыстарын білдірді. Мәдениет орталығында өткен жиынға медицина саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы мен адам өміріне араша болып жүрген ақ халатты абзал жандар марапатталды. Оқу орда басшылығы атынан қызметтегі адал еңбектері мен ұрпақ тәрбиелеудегі өлшеусіз үлестері үшін берілген құрметке ол жандар әбден лайықты. Себебі қоғамның ең басты құндылығы адам дейтін болсақ, барша қоғамның алдындағы өзекті мәселенің бірі – азаматтардың денсаулығын сақтау болып табылады. Ал медицина саласын таңдап, «дәрігер» деген құдіреті мен мәртебесі мол кәсіптің құпияларын жүзеге асыру, халықтың алғысы мен қуанышына бөленіп, өз еңбегінің нәтижесі мен жемісін көру үшін ақ халатты абзал жандардан ең алдымен біліктілік, мамандығын жақсы меңгеру талап етіледі. Дәрігер мамандығы бүкіл адамзат жан дүниесінің өшпес абзал құбылыстарын бақылау мен бағалау – адамға деген шексіз сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі ізгі ниет пен адамгершілікті талап ететіні сөзсіз.
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиналғандарға керемет көңіл күй сыйлады.