20 жылдық түлектер бас қосты

Оқу ордамызда 20 жылдық түлектер бас қосты. Олар 1999 жылы білімдерін аяқтап үлкен өмірге қадам басқандар еді. Ал сол кездегі түлектер бүгінгі таңда мамандықтарымен қатар бір-бір шаңырақ иесі. Осындай айтулы қуанышта оқу орда басшылығы мен дәріс берген аяулы ұстаздар шәкірттерін қуана қарсы алып ыстық лебіздерін жаудырды. Естеліктерін айтып, қызықты сәттерін еске түсірді. Жиынға елуге жуық түлектер еліміздің алыс-жақын өңірлерінен арнайы келген. Мәдениет орталығында аталған кездесуге концерттік бағдарлама ұсынылып, кофе-брейк берілді. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл тағзым ет» дегенді ұстанған білімді шәкірттер кездесуден үлкен әсер алғандарын айтуда. Оқуларын бітіргелі көрмеген қаншама группаластар бір-бірін көріп мәз-мейрам.
Университеттің бүгінгі тынысына таңғаларлықпен қараған шәкірттер өздері оқыған корпустарын аралап, керемет естеліктерді еске түсірді. Кітапхана, Мәдениет орталығын тамашалап үлкен өзгерістер болғандығын жасырмады.
Кеше ғана бұрымды қыз болып диплом алған қара көздің бірі мұғалім, бірі жоғары санаттағы дәрігер, енді бірі жеке кәсіпкер. Халқының қалаулы азаматы атанған шәкірттер де жиырма жыл бұрын диплом алғандар. Мамандығының қыр-сырын жетік меңгеріп, өмірге пайымы кең ұстаз атағын абыроймен атқарып жүрген болса ол –ұстаздың еңбегінің еш кетпегендігі. Тек ғана білім беріп қана қоймай жан-жақты өмірге бейім тұлға етіп тәрбиелеуде ұстаздар бар күш жігерін салғандықтары шәкірттерінің бой түзегендігінен көрінуде. Университет басшылығына ерекше ризашылықтарын білдірген түлектер керемет кештің куәсі болып тарқасты.