Университет Арыспен бірге

Маусым айының 24 күні Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай халқымыздың басына түскен ауыр сынақ болды. Қапыда жапа шеккен бейбіт тұрғындардың жай –күйіне бейтарап қарау мүмкін емес. Мемлекет, әрбір облыс, қоғамдық қорлар, ерікті тұрғындар, кәсіпкерлер болып зардаптың салдарымен күресіп, арыстықтардың бейбіт тіршіліктерін қайта қалпына келтіруге жұмылуда. Университетіміздің белсенді студенттері де ерікті түрде көмек көрсету үстінде. Клиника қызметкерлері жатақханаға орналасқан Арыстықтарға медициналық қызметін ұсынып жатыр.
Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де апат орын алған күннен бастап, өз жатақханасында жапа шеккен 100- ден аса тұрғындарды қабылдады. Оларға ерікті студенттер мен университет қызметкерлері көмек көрсетуде. Сонымен қатар, білім ордасының ректоры Б. С. Абдрасилов өз ұжымымен бірлесе отырып, арыстықтарға тағы да төмендегідей көмектер ұсынып отыр:
1. Шілде айының 1-нен тамыз айының 1-і аралығында 5 сыныптан жоғары 50 мектеп оқушысына оқу — сауықтыру лагерлерін ұйымдастырады;
2. Университет базасындағы клиникада күрделі оталар түрінде тегін медициналық көмектер ұсынады;
3. Университет ұжымы 1 күндік жалақыларын аударады;
4. Оқу ордамызда білім алып жатқан барлық арыстық білімгерлер биылғы оқу жылында тегін жатақханамен қамтамасыз етіледі;
5. Отбасылық жағдайы аз қамтылған 10 арыстық талапкерді Ясауи университетінің гранты негізінде оқуға қабылдайды.
Барлық қазақстандықтарды арыстықтардың тағдырына үлес қосуға шақырамыз!