БІРЫҢҒАЙ «АДАЛДЫҚ САҒАТЫ» ӨТКІЗІЛДІ

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) бастамасымен, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «1 қыркүйек – Білім күні» мерекесіне орай, еліміздің барлық білім беру ұйымдарында алғаш рет бірыңғай жалпы республикалық «Адалдық сағаты» өтті. Аталған жиын университетімізде де бастау алып, Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Х.Көшқалиевтің қатысуымен өткізілді.
Жиында оқу ордамыздың басшысы Б.Абдрасилов қатысушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, шараның мән-маңызына тоқталды.
«Адалдық сағатының» негізгі мақсаты — өскелең жас ұрпақтың өн бойына адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім құндылықтарын сіңіругежәне жас буынның рухани болмысын бекітіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру. Жиын барысында оқу ордмыздың студенттеріне дәріс оқыған Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Х.Көшқалиев жастарды жаңа оқу жылымен құттықтап, сыбайлас жемқорлықпен қарқынды күресу ел саясатының негізгі басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

Шара барысында лекторлар қазақтың бойында бағзыдан қалыптасқан адалдық пен әділдік құндылықтарының қасиетін қазбалап, тағылымға толы тарих беттеріндегі әділдікті ту еткен кемеңгерлердің туралығына тоқталды. Сондай-ақ, Елбасы биылғы жылды«Жастар жылы» деп жариялап, ел жастарына зор сенім білдіргендігін, Қазақстанның жарқын болашағы – бүгінгі жас буынның қолында екендігін жеткізді.
«Адалдық сағатында» білім алушыларға арнайы әзірленген бейнероликті көрсету арқылы адалдық – парасаттылықтың ең биік шыңы, әрі адам бойындағы ең асыл қасиет екендігі жіті түсіндірілді.
Айта кетейік, бұл игі бастама дәстүрлі түрде жыл сайын «1 қыркүйек – Білім күнінде» бастау алып, оқу жылының соңына дейін жүйелі түрде еліміздің абыройын асқақтатып жүрген ел мақтаныштары мен қоғам белсенділерін қатыстыра отырып өткізілетін болады.