Президент жолдауы талқыға салынды

Қыркүйек айының 3-жұлдызында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2-қыркүйек күнгі жолдауын талқыға салған жиын өтті. Оқу ордамыздың ректоры Болатбек Абдрасилов мемлекет басшысы ұсынған 5 бағыт бойынша пікірін білдіріп, университетіміз игі бастамаларды толықтай қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Болатбек Серікбайұлы бұл жолдаудың біздің рухани астанамыз Түркістан қаласы үшін қаншалықты маңызды екенін, сол мақсатта оқу ордамыздың үлкен рөл атқаратынын да атап айтты.
Университетіміздің I вице-президенті Женгиз Томар мырза Қазақстан мен Түркия елінің бауырлас елдер екендігін және екі ел арасындағы достық қарым-қатынас даму жолында үлкен мүмкіндіктер ашарына сенім білдірді.
Жиында оқытушы-профессор Сейдулла Садықов жасалар жұмыстың көп екенін және ел президенті атап өткен әлеуметтік мәселелердің шешілуіне бұқара халық болып бірге ат салысу керектігін алға тартты. Университетіміздің белсенді студенті Үміт Тұрсынхан да жастар арасында бұл жолдаудың үлкен қолдау табарына сенім білдірді.