Оқу ордамызда ардагерлер кеңесі өтті

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыстың басты мақсаты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын талқылау болды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов президент жолдауын саралай келе, «Мемлекет басшысы өз жолдауын жолдады, енді біздің міндет: қарапайым халыққа жолдаудың маңыздылығы мен мақсатын түсіндіру»- деді.
Отырыста көтерілген екінші мәселе ер азаматтардың қоғамдағы рөлін арттыратын «Әкелер мектебінің» құрылуы жайында болды. Ардагерлер аталған мектептің құрылу маңыздылығына тоқталып, жастардың тәрбиесі ер-азаматтардың тікелей бақылауында болуы керек деген пікір білдірді. Жастар арасындағы құқық бұзушылық та кеңес назарына ілікті. Әкелер мектебі құрамындағы азаматтардың сұрыпталып, таңдалуы жастардың құқық бұзушылығының алдын аларына сенім білдірді. «Мектептердегі ата-аналар комитеті мен әкелер мектебі бірігіп жұмыс жасауы кемшіліктердің алдын алады»-деді кеңес мүшесі Байғұт Нышан.
Төраға Жеңісбек Мәуленқұлов өз сөзін түйіндей келе, Университеттің сенат залында Елбасынан бастап, көптеген қадірлі қонақтардың бас қосқанын және де облыстық ардагерлер кеңесінің жиналысы осында өтуі де үлкен маңызға ие екенін айтты. Және де оқу ордамыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жетекшісі Әбуов Әміреқұл Ергешұлына университет ұсынған көмегі үшін алғысын білдірді.