БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША III ОРТА АЗИЯЛЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША III ОРТА АЗИЯЛЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ» басталды. Форумға 20 мемлекеттен 400-ге жуық делегаттар қатысуда. Бұл жиында ЖОО-ның білім сапасын көтеру, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау мəселелері талқыланып, шешімдер қабылданатын болады. Әлемдік деңгейдегі  ғалымдар бас қосып отырған шараны ұйымдастырушылар  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және «Аккредиттеу жəне рейтингтің тəуелсіз агенттігі» КЕМ. Бүгінде түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атанған Түркістан ежелден түркітектес елдердің ғылым ошағы да болған жер. Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ университеті Қазақстандағы  мықты ЖОО-ның бірі. Сондықтан, ХҚТУ оқу ордасының Түркістанда орналасуының өзі бір мәртебе болса, өтіп жатқан форумның маңызы өте жоғары. Бұл форумға қатысқан құрметті қонақтардың айтқаны.

Форум жұмысына ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің халықаралық еуропалық желілерінің, шетелдік аккредиттеу органдарының, шетелдік білім беру ұйымдарының (Бельгия, Венгрия, Германия, Нидерланды, Болгария, Чехия, Түркия, Латвия, Молдова сынды басқа да бірқатар мемлекеттер бар) қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары, студенттер мен жұмыс берушілер қатысуда.

Форумның негізгі мақсаты – үздік тәжірибемен алмасу және талқылау үшін халықаралық диалог алаңын құру, сапаны қамтамасыз ету жүйесін дамыту және халықаралық аккредиттеу рөлін арттыру, ЖОО-ның академиялық еркіндігін және басқарушылық дербестігін кеңейту, сапа мәдениетін ілгерілетуге және кәсіби қоғамдастықты қалыптастыруға ықпал ететін халықаралық желілермен және шетелдік агенттіктермен ынтымақтастықты дамыту. Сондай-ақ, білім берудің интернационализациясы және білім беру сапасын арттыру, оқу бағдарламалары мен білім алушыларды халықаралық стандарттар бойынша даярлау траекториялары да айтылды.

Форум модераторы «Аккредиттеу жəне рейтингтің тəуелсіз агенттігі» КЕМ директоры Алина Жұмағұлова.

«Біздің мақсатымыз – адам өмірін жақсартуға бағытталған білім сапасын арттыру. Білім сапасының жақсаруы – тікелей өмір сапасының артуына байланысты. Осы тұста ЖОО-ғы білім жүйесін жетілдіруге бағытталған аккредитация маңызды рөл атқарады. Ол білім сапасын көтеруге, халықаралық тәжірибені меңгеруге үйретеді», — деді Алина Бақытжанқызы.

Форумда сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов Түркістан қаласының облыс орталығы болуымен құттықтай отырып, ҚР Парламенті Сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның құттықтау хатын оқыды. Сонымен қатар, ЖОО-ның тәуелсіз, өзін-өзі басқаруы туралы мəселелерді қозғады.

Алқалы жиынға арнайы келіп қатысқан ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова:

«Осындай әлеуеті жоғары форумның қасиетті Түркістан қаласында өтіп жатқаны баршамызды қуантуда. Бүгінде облыс орталығына айналған шаһар жаңарудың үлкен жолында екеніне көзіміз жетіп отыр. Білім сапасын бағалау жұмыстары тек  ЖОО-да ғана емес кәсіптік-техникалық білім мекемелері мен мектептерде де жүргізу қолға алынады. Білімнің сапасын нақты анықтап, оны әрі қарай жетілдірудің жолдарын ұсынатын боламыз. Баршаңызға Білім және ғылым министрлігінің атынан форумда айтылған барлық ұсыныс-пікірлерге алғысымызды білдіреміз», — деп, еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағанбетовтың форумға арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Әлемнің ірі елдерінің ғалымдары бас қосып, білім саласына қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін және ұсыныстарын жеткізуге арналған халықаралық форумның өтуіне мұрындық болған Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Абдрасилов форумның ашылуымен құттықтай отырып:

«Тұран төрінде орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп жатқан халықаралық форумға қош келдіңіздер. «Аккередиттеу және рейтингінің тәуелсіз агенттігі» комуналдық емес мекемесінің бізге артқан сенімін ақтауға тырысып, бірлесіп ұйымдастырып отырған жайымыз бар. Жаһандық ғалымдардың басын қосқан бұл жиынның біздің оқу ордамызда өтіп жатқанына қуаныштымыз. Елбасымыз – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы мен қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім жолындағы бағдарламалары мен еңбектерін елеп, болашаққа бағдар деп қабылдауымыз керек. Білім сапасын бақылау жүйесін іске қосу арқылы біз болашаққа үлкен серпіліс жасадық. Өздеріңіз білетіндей, дамушы мемлекеттерде білім сапасына, оның ішінде жоғарғы оқу орындарының жұмысына байланысты көптеген пікірлер қалыптасуда. Әр мемлекет өз жерінде жоғарғы деңгейде ғылым мен білімнің дамуына жол ашарлықтай жұмыстар атқаруда. Бүгінгі форумның мақсаты да сол, әлемдік тәжірибиелерді ортаға салу. Осы форумда талқыға салынатын мәселелер мен шешілетін түйіндер бүгінгі буын үшін өте маңызды болмақ. Оқыту жүйесі тұйықталған формада болмауы тиіс, керісінше барынша ашық процесс болғаны жөн. Әлемнің бірнеше елдерінен келген ғалымдардың бұл басқосуы өз нәтижесін беріп, оңды шешімдер қабылдаймыз деп сенемін. Біз тәжірибемізбен алмасу арқылы бірігетін болсақ, бізден артық ұлы күш болмайды. Қасиетті шаһардың әсем жерлерін аралап, тамашаласаңыздар біз қуанып қалар едік. Киелі Түркістанға қош келдіңіздер!» — деп, Болатбек Серікбайұлы бүгінгі жиынның маңыздылғына тоқталды.

Форумның ашылу салтанатында сөз алған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бірінші вице-президенті Женгиз Томар қазіргі әлемдегі барлық ЖОО-ның сапасына, нақтырақ айтқанда, оқу орындардан түлеп ұшып жатқан студенттердің шынымен де  жоғарғы білімді екеніне көз жеткізуге арналған аккредетациялау мекемелерінің маңызы жоғары екендігін атады.

«Бүгінгі форумға оралсақ. Білім беру мекемелерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, олардағы барлық процестерді жоғары деңгейде өткізу Қазақстан үшін үлкен бастама. Аккредетация мәселесі Түркияда жақсы жолға қойылған. Соны ескере отырып біз Қазақстанмен тығыз қарым қатынас орнатудамыз. Бүгінгі форумда өзекті мәселелерді көтеруіміз қажет»,- деген Қ.А Ясауи атындағы ХҚТУ бірінші вице-президенті өз ойын білдірді.

Форум аясында алыс-жақын шетелдерден келген қонақтарда сөз сөйлеп, бірқатары өз мемлекеттерінің білім саласының басшыларының құттықтау хатын оқып берді. Солардың қатарында Тәжікстан республикасының Білім және ғылым министрінің орынбасары Давлотзада Сайфиддин Хайриддинде бар.

«Құрметті әптестер, ханымдар мен мырзалар! Бүгінгі маңызды форумға бір топ делегаттармен келіп отырмыз. Атап айтқанда, екі жетекші университеттің ректоры және 6 проректор бар. Тәжікстан республикасының Білім және ғылым министрлігінің және өз атымнан «Білім сапасын қамтамасыз етудің III Орта Азиялық халықаралық форумын» қош келдіңіздер деймін», — деп, Тәжікстан республикасының Білім және ғылым министрі Саиид Нуриддиннің құттықтау атын оқып, ыстық лебізін жеткізді.

Мармара университетінің профессоры, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңесінің мүшесі, Мухиттин ШИМШЕК :
«Барлық Аккредитация, рейтинг агенттіктері тәуелсіз болу керек. Олар бір жағынан мемлекеттің жүгін азайтады. Қалай? ЖОО-ның аккредитациядан өтізеді, Қазақстанның сапалы маман шығаруға әсерін тигізеді, екінші, негізгі мақсаттарының бірі — әлемдік тәжірибелерді ұштастыра отырып жасалынды. Менің ойымша, бұл Қазақстандағы бірегей мекемелердің бірі. Өткізіп отырған іс-шарасы да маңызды. Соның ішінде ЖОО білім беру сапасын қамтамасыз ету. Сапа — мақсатқа сай жұмыс жасау, мен осылай айтар едім. Соны жоғары деңгейге шығару үшін осы секілді тәуелсіз агенттіктерді қамтамасыз ету керек», — деді.

АРТА акредиттеу кеңесінің төрағасы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Қарайұлы БОЗЫМОВ:

«Бүгінгі форумның негізгі мақсаты — жоғары оқу орындарының аккредитациядан өтуі арқылы оларды  халықаралық дәрежеге көтеру. Біз акредитациядан өткізгенде ЖОО-ның білім сапасымен қатар, тәрбие, мәдениет жағына да мән беріп, кеңестер айтамыз. Қазіргі уақытта Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның ЖОО-да өткіздік. Жақында Балтық жағалаудағы елдердің университеттерінде өткіземіз. Биылдан бастап аккредитеуден өтпеген ЖОО-на грант бөлінбейтін болды. Сонымен қатар Білім және ғылым министірлігіне ұсыныстар беріп тұрамыз. Ешкімді қадағалаудың керегі жоқ, бірігіп сапаны көтеру үшін жұмыс жасау керек.
Түркістан түркітектес елдерінің мәдениет, ғылым ошағы болған жер. Бұл университеттің Түркістанда орналасуының өзі бір мәртебе. Қожа Ахмет Ясауи Халықаралық қазақ-түрік университеті еліміздегі  мықты ЖОО-ның бірі. Университеттің сапасы білікті басшыға байланысты, осы университеттің ректоры Б.Абдрасилов ғылым саласының барлық мектебінен өткен іскер басшы, — деп ықыласын жеткізді.

Шарада Қазақстан, Тəжікстан, Қырғызстан республикаларының білім саласы министрлерінің орынбасарлары форумға қатысты пікірлерін білдірді. Жиынның ашылу салтанатынан кейін панельдік сессияларға (параллельді) жалғасты.

1-ші панельдік сессия: «Білім беру сапасын қамтамасыз етудің халықаралық тəжірибесі», 2-ші панельдік сессия: «Білім сапасын арттыру жəне ғылымды коммерцияландыру: цифрлық трансформацияның тенденциялары мен үдерістері», 3-ші панельдік сессия: «Студентке бағытталған білім беру жəне сапаны бағалау», 4-ші панелдік сессия: APTA/IAAR — Медициналық білім беру сапасын бағалау» тақырыбы бойынша жалғасуда. Ары қарай дөңгелек стол басындағы Білім беруді интернацияландыру жəне академиялық еркіндік жағдайындағы ЖОО стратегиялық басқару жөніндегі əңгімеге ұласты.