ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАР СЕРТИФИКАТТАРМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

4-ші қазанда бастау алған «Білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша III Орта Азиялық халықаралық форум» келесі күні, яғни бүгін межесіне жетті. Екі күнге созылған халықаралық форумда 20 мемлекеттен келген 400-ге жуық өкілдер мен ғалымдар білім саласына қатысты пікірлерін айтып, ұсыныстар және баяндамалар жасады. Делегаттар сондай-ақ, өз-ара тәжірбие алмасты. Жиын соңында қатысушылар сертификаттармен марапатталды.

Мәдениет сарайының кіші залында өткен пленаралық отырысты «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» коммуналдық емес мекемесінің директор кеңесшісі Ольга Яновская мен Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ академиялық инновация және жоғарғы білімнен кейінгі білім беру ісі жөніндегі вице-президенті Шолпан Есімова жүргізді.

Пленарлық отырыс аясында жоғарғы оқу орындардың имиджі, еңбек нарығы мен инновациялық әлеуеті және зияткерлік білім  жайында қозғалған тақырыптар келушілердің де көңілінен шықты. Мұны олардың берген сұхбаттарынан аңғаруымызға болады. Айталық, форумға келгендердің бірі — Египеттің профессоры Ранда Ризкты сөзге тарттық. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ туралы жақсы пікірін жеткізген ол:

«Менің ойымша, әр елдің білім сапасында өзіндік ерекшелік қалыптасқан. Олардың барлығы сол ерекшелік арқылы жекешеленіп тұрады. Қазақстанда да  білім жүйесінің дәрежесі жоғарлап келеді, тіпті, күннен-күнге өсуде десем де қате айтқандық болмас еді. Әрбір ЖОО-ның әлемдік деңгейде өзіндік бейнесі қалыптасқан. Аккредиттеу агенттерінің жұмыстары — оқу орындарының білім сапасымен ерекшеленіп, дамуына, алдыңғы қатарлы болуына көмектеседі. Сол себепті, бүгінгі өтіп жатқан форум аясында түрлі мемлекеттердің тәжірбиелерінен бірқатар мәліметтер алып, қанықтық. Құптарлығы сол, халықаралық диалог алаңын құру арқылы ЖОО-ның академиялық еркіндігін және басқарушылық  дербестігін кеңейту сынды өзге де мәселелер ортаға салынып, сараланды.  Қорыта айтқанда, форумның түркі елдерінің мәдени-рухани орталығындағы қасиетті Түркістан төріндегі Қазақстаның халықаралық деңгейдегі алғашқы оқу ордасының бірі-бірегейі Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-де өткеніне ризамын. Мұнда келу арқылы өзге елдердің өкілдері де бұл оқу орнының алдыңғы қатарлы университет екеніне көз жеткізе алды деп ойлаймын»,- деп, Ранда Ризак пікірін айтты.

Форумның өту барысы мен жиынның мағызы жайлы пікірін берген Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ академиялық иновация және жоғары білімнен кейінгі білім беру ісі жөніндегі вице-президент Шолпан Есимова :

— Дамыған мемлекеттерде университет 4,0 деген тренд бар. Онда университеттердің даму деңгейі көрсетіледі. Ол деген керемет нәрсе. Бізде осыған сай болуымыз керек. Өзбекстаннан келген делегаттар мен  жоғары деңгейдегі экесперттері университеттеріндегі реформалар жайында айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Қонақтар оқу кампустарымызды аралап, танысты. Таңқалып жатыр. Тәжікстан білім және ғылым министрінің орынбасарымен университтер арасында біргіп  жұмыс жасауға, келісімге келдік. Қонақтардың біздің университет жайындағы пікірлері өте жоғары», — деді вице-президент.

Неміс елінен келген Аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институтының атқарушы директоры (ACQUIN) Стефан Хандке өз сөзінде форумның мақсатына тоқталды.

«Аккредиттеу жүйесінің негізгі мақсаты білім сапасын арттыру екені баршамызға белгілі. Бұл орайда, аталған жүйені студенттерге тиімді әрі оңтайлы етіп жасау керектігін де айтып кеткеніміз жөн. Білім сапасын бақылауға алудағы тағы бір ұтатын тұсымыз: Жоғарғы оқу орындарының бір-бірімен өзара байланысының нығая түсуі мен білімгерлердің халықаралық деңгейде білімін жетілдіруі болып табылады. Оқыту жүйесі мен білім сапасын арттыру саласында өркениетаралық ешқандай кедергілер көргенім жоқ. Себебі қай тілде болса да білім алу адамзаттың борышы деп есептеймін»,-деді ол.

Халықаралық басқосу білім саласындағы білгірлердің пікірталастары мен  ұсыныс пікірлеріне ұласты. Атап айтқанда, Қырғызстан, Чехия, Өзбекстан Республикаларының өкілдері өз елдеріндегі оқу орындарында жүргізілетін жұмыстарды ортаға салды. Сондай-ақ, баяндамашыларға білім сапасы, аккредиттеу жұмыстарына байланысты сұрақтар да қойылды.

Отандық ғалымдардың айтуынша, шетелдерде білім министрлігі деген ұғым мүлдем болмайды, тек білім сапасын арттыратын ұйымдар мен білім департаменттері бірігіп, оқыту жүйесін бір ізділікке келтіріп қойған көрінеді. Сол себепті, біз де сондай жүйеге ақырындап көшуді ойластыру керектігін, яғни білім сапасын бағалау комиссияларының сапасын да бірізділікке келтіру қажеттігін алға тартты.

Шараға қатысушылар тек білімдерін ортаға салып қана қоймай, Университеттің жұмыстарымен де танысты. Олар оқу ордамызды жоғары бағалап, өзгешеліктер мен ерекшеліктерімізге таңданыс білдірді.

Үшінші рет өтіп отырған форумның соңғы отырысында ортаға салынған ойлар мен пікірлер сараланып, қорытындысы жасалынды. Қатысушы өкілдер мен ғалымдар сертификаттармен марапатталды.