УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ТҮРКОЛОГИЯ КОНГРЕСІ ТҮРКИЯДА ӨТУДЕ

Университетімізде дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өтетін Түркология конгресі биыл Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Мармара университеті және Стамбул университеттерінің ұйымдастыруымен Түркияның Стамбул қаласында Стамбул университетінің ректорат ғимаратында, PhD Холлда 8 қазан күні өз жұмысын бастады. «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» деп аталатын проф. доктор Фуат Сезгинді еске алуға арналған VIII Халықаралық Түркология Конгресіне Азербайжан, Корея, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түркияжәне т.б. елдердің ғалымдары қатысып, ғылымның әртүрлі аспектілерінде өз зерттеулерімен ой бөлісті.
Конгресс жұмысы Қазақстан мен Түркияның ұлттық әнұранымен басталды. Конгрестің ашылу салтанатында университетіміздің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз құттықтау сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті Кеңесі Түркі өркениетіне қатысты зерттеулерін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сай жүргізіп келе жатқанын, кезекті жиынның ислам ғылымдарының тарихын зерттеуші профессор Фуат Сезгинге арналуы да конгрестің маңыздылығын арттыра түскенін айтып, конгресті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректор өкілі Женгиз Томар Түркістан түркітілдес халықтардың өткен ғасырлардағы салты мен дәстүрін, тарихын ұмыттырмайтын жәдігерлер молынан сақталған қала екенін, түркі жұртының өткені мен бүгінін байланыстырып жатқан рухани орталығы болған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де осында орналасқанын, сондықтан да Түркістанда Халықаралық Түркология орталығын ашу мақсатын алға қойып отырғанын және университетте атқарылып жатқан басқа да жұмыстарды атап өтті.
Кейін сөз алған Стамбул университетінің ректор өкілі доктор Ілияс Топсакал конгресс қатысушыларын құттықтап, Ахмет Ясауи және әл-Фараби университетімен екіжақты білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс жүріп жатқанына, доктор Фуат Сезгинді еске алудың маңыздылығына тоқталды.
Стамбул университетінің Әдебиет факультетінің деканы доктор Хаяти Девели әлемдегі ең алғашқы және көне түркологиялық мекеме Стамбул университетінің Түркітану орталығы болғанын айтты. Бүгінгі таңда әлемде осы салада көптеген орталықтар бар екенін айтқан Х.Девели түрколог-ғалымдардың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Ашылу салтанатынан кейін Назарбаев университетінің оқытушысы, түркітанушы профессор, доктор Юлай Шамилоғлу «Түрік жазу тілдерінің тарихи кезеңдері: жаңа перспектива» атты баяндама жасады.

Конгресс Стамбул университетінің ректорат ғимаратында екі күнге жалғасады, жеті елден 50-ге жуық ғалым қатысты.
Конгрестің жұмысы бойынша түркі халықтарының рухани құндылықтары, дүниетанымы, тарихы, тілі мен әдебиеті, мәдениеті, өнеріне қатысты ғылыми-зерттеулерін ұсынған ғалымдар түркі халықтарының әлемдік өркениеттегі орны мен үлесі туралы да ауқымды мәселелерді сөз етті. Түркі жұртының басын қосқан Түркология конгресі түркі халықтарының арасында маңызы бар ойлар мен істердің жүзеге асуына себеп болары сөзсіз.
Конгресті ұйымдастырушы және қатысушы университет ғалымдарына сәттілік тілейміз!

Түркология ғылыми-зерттеу институты