Университет қабырғасында Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдерінің қатысуымен өңіраралық конференция өтті

Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталған БҰҰ-ның өкілдерінің қатысумен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де  «Мемлекеттік органдардағы адами ресурстарды басқарудың сандық технология: Адами әлеуетті арттыру және өзгеріс менеджменті» атты өңіраралық конференция өтті. Жиынға Түркістан облысындағы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметінің мамандары мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы мен Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент және Қызылорда облысы бойынша филиал директорлары қатысты.

Университетіміздің ақпараттық және коммуникациялық технология саласының жаһандық сарапшысы, компьютерлік инженерия ғылымдары мен мемлекеттік саясатты саласының докторы, БҰҰ-на кіретін Азия және Тынық мұхит аумағының мүше елдері бойынша адами әлеуетті арттыру және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты мақсат тұтатын АРСІСТ ұйымының өкілі, палестиналық доктор Сәлим Зоугби әлемнің дамыған елдерінде адами ресурстарды басқарудың тиімділігі мен іс басындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру және өзгерістерге бейімдеу тәжірибиесімен бөлісті. Сондай-ақ конференцияны ұйымдастыруға ұйытқы болған университет басшысы Болатбек Серікбайұлы мен професор Шолпан Есімоваға алғысын білдірді.

«Кадрлық және адами әлеуетті басқару сіздердің мемлекеттеріңізге қажетті салалардың бірі. Оның ішінде оны санап, түрлендіру қазіргі таңдағы өзекті мәселе. Бүгінгі семинарымыз екі бөлімнен тұрады. Оның біріншісі мемлекеттік қызметті цифрландыру болса, екінші бөлімінде өзгерістер яғни, қазіргі орыннан басқа орынға көшу және ауысу жайлы болмақ. Бүгінгі семинарымызда мемлекеттік мекемелердегі адалдық басқару, адам ресурстарын басқарудағы цифрлық түрлену және трансформация бойынша сөз қозғамақпын»,-деп палестиналық доктор Сәлим Зоугби бүгінгі басқосудың маңыздылығын атап өтті.

Конференцияны құттықтау сөзбен ашқан Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Болатбек Абдрасилов  оқу орнымызда атқаралып жатқан бірқатар жұмыстармен таныстырып өтті.

«Біздің университетте өткен оқу жылында Басқару және экономика жоғарғы мектебі ашылған болатын. Мектеп Мемлекеттік басқару академиясындағы қабылданған технологияларға сүйеніп жасалынған. Онда болашақ мемлекеттік қызметшілер дайындалады. Онымен қоса 2018 жылы қолға алынған «Жас мемлекеттік қызметші» мектебі де жұмыс жасап келеді. Бұл мектептер бітіруші мамандарға тәжірибе жинау мақсатында ашылған болатын. Онда тәлім алған студенттер бір жылда қызмет атқаруға бейімделіп, оқуды тәмәмдағандарға диплом тапсырылады. Бітіруші түлектер үшін бұл үлкен бастама. Себебі, бұл мектеп жұмысқа орналасушыға мүмкіндік сыйлайды. Осы бастама биылда өз жалғасын тауып отыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында бұл бастамамызды жалғастыруды қолға алдық.  Сондай-ақ, оқу орнымызда 1000-нан астам оқытушы-профессорлар мен қызметкерлер жұмыс жасайды. Оның  69- ғылым докторы, 280- ғылым кандидаты, 85-phd доктор, 46-профессор және 127-доцент. Ал,34 маманымыз  шетелдік ғалымдар. Қазіргі таңда, бакалавриат бойынша-8662, магистратурада-579,  phd докторантура бойынша-77, резидентура-187, дайындықта-662, жалпы — 10 167 білім алушымыз бар. Оның 13-14 пайызы  19 елден 40 ұлт пен қауымдастықтан келген шетелдік студенттер. Мемлекеттік басқару бойынша: экономика, менеджмент, есеп және аудит, қаржы, мемлекеттік және жергілікті жерді басқару мамандықтары бойынша магистратура және докторантурада студенттер білім алуда. Сонымен қатар, жұмыс берушілермен де, Мемлекеттік басқару және экономика жоғарғы мектептерімен  байланыстар орнатылған» — деді, Болатбек Серікбайұлы. Жиын соңы пікір таласқа ұласты.