МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ МЕКТЕБІНІҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

Бүгін, Қожа Ахмет Ясауи Халықаралық қазақ-түрік университетінде Мемлекеттік қызмет мектебінің ашылу рәсіміне арналған жиын өтті.
Жиынға оқу орнымыздың президенті Б. Абдрасилов, вице-президент П.Пилтен, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Б. Исақов, департаменттің мемлекеттік басқарамасының басшысы Н. Шынтаев және университетіміздің қызметкерлері мен студенттері қатысты.Университет президенті Бболатбек Абдрасилов Мемлекеттік қызмет мектебінің жаңа маусымының ашылуымен құттықтап, аталмыш мектеп түлектерінің жеткен жетістіктерін айтып өтті.
— Мектеп Түркістан облыстық Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің тікелей қолдауымен ашылған болатын. Мектептің мақсаты, мемлекеттік қызметке тәжірибелі база болу. Бір жылдың қортындысы бойынша мектеп нәтижесін берді. Алғашқы мектеп ашылған уақытта экономика, жергілікті және мемлекеттік басқару, қаржы мамандығынан 20 студент іріктеліп алынып, олар он апта бойы дәріс алды, түрлі тренингтерге қатысты. Тренингтердің басым бөлігін мемлекеттік қызметте жүрген мамандар өткізді. Осы мектепті бітірген студенттердің бірқатары қазіргі кезде мемлекеттік органдарда арнайы бағдарламалар бойынша жұмыс істесе, қалғаны магистратурада, тағы басқа да оқу орындарында білімдерін жалғастыруда. Олар да келешекте мемлекеттік қызметте жұмыс атқаратын шығар деп ойлаймын. Оқу орнымыздың түлегі, мектептің бірінші тыңдаушысы Индира Сейітбек жақында облыстық Жер қатынастары басқармасына жетекші маман болып жұмысқа қабылданды. Студенттерімізден осы мектепте білімін жетілдірем деушілер өте көп болды. Олардың ішінен 32 студент іріктеліп алынды. Арасында шетел студенттері де бар – деп, Болатбек Серікбайұлы Мемлекеттік қызмет мектебінің жұмысына сәттілік тіледі. 
Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов:
— Елбасының тарихи шешімімен Түркістан облыс орталығына айналғаннан кейін, осы мектеп ашылды. Былтырғы игі шара биыл жалғасын тауып отыр. Қазіргі кезде облысымызда 7000-нан астам мемлекеттік қызметкер жұмыс атқарады. Оның 25 пайызға жуығын отызға дейінгі жастар құрайды. Өткен жылдың ақпаратына сәйкес 552 азамат жалпы конкурс арқалы мемлекеттік қызметке қабылданды. Оның 48- і жаңадан жоғары оқу орнын бітіргендер. Мемлекеттік қызметте жоғары оқу орнын бітіре салып қызмет атқаруға болады. Сондықтан осы мектеп тыңдаушылары, өздеріңіз негізгі үміткер ретінде саналасыздар – деп, 500 ге жуық бос лауазым орындарының бар екендігін тілге тиек етті.

Департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Н.Шынтаев пен Мемлекеттік басқару және аймақтық даму бағдарламасының жетекшісі Д.Ерғалиев баяндама жасады.
Мемлекеттік қызмет мектебінің 2018-2019 жылғы кезеңінің түлегі И.Сейітбек университет ректоры Б.Абдрасилов пен білім берген ұстаздарына алғысын білдірді.
Бүгіннен бастап мектеп тыңдаушыларының алғашқы дәрісі басталды. Алғашқы дәрісті Департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Н.Шынтаев жүргізді.