УНИВЕРСИТЕТТІҢ ЖАҢА ДАМУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін оқу орнымыздың президенті Б.Абдрасилов 2018-2019 оқу жылында атқарылған жұмыстардың есебін берді. Сонымен қатар, университеттің жаңа даму бағыттарымен таныстырып, көпшіліктің талқысына салды.
— Университет студенттерге білім беретін ұйым, сондықтан атқарылатын жұмыстарымыз да студенттердің маңайында болуы керек. Былтырғы стратегиялық жоспарға байланысты біз не істедік? Біз қандай шешім қабылдадық? – деген Болатбек Серікбайұлы, осы сұрақтар төңірегінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
— Бірінші мәселе, біз студенттердің жағдайын жасау міндетіміз. Жатақханаларды дұрыстау, төсек орындарды жаңарту. Қоғамдық жұмыспен айналысатын белсенді студенттермен жұмыс жасау, оларды қолдау. Екінші үлкен мәселе, білім сапасын көтеру. Өткен оқу жылында бір адамдай бірлесіп жұмыс жасағанның нәтижесінде үлкен жетістіктерге жеттік. Мен ұжымға алғысымды білдіргім келеді. Үлкен іс-шаралар өткіздік, білім саласына өзгерістер енгізілді, материалдық-техникалық база толықтырылды, осылардың нәтижесінде қазір оқу орнымыз үлкен мемлекеттік шешімнің алдында тұр. Жаңа жылда жақсы хабар күтіп отырмыз. Университетке жаңа статус беру туралы ұсынысымыз қаралып жатыр. Университеттің имиджін ғылым, білім, студенттердің әл-ауқаты мен олардың қоғамдық жұмысқа араласуы құрайды. Бүгінгі күні 10113 студентіміз бар. Жылда 300-ден аспайтын Грант иегерлерінің саны биылғы оқу жылында 1000 -нан асты. Бұл көрсеткіш оқу орнымыздың абыройының артқанын білдіреді. Біздің университет қарқынды даму үшін студенттердің саны 12000 болуы керек. Бұған да бір,екі жылда жетеміз деп үміттенемін.
Оқу жоспарларына жаңа пәндер енгізілді. Өзгерістерден қалмай біз де оқу саласындағы жаңашылдыққа байланысты өзгерістер енгізіп, оқу бағдарламаларын заманауи талапқа сәйкестендіріп отыруымыз керек», — деп, оқу процесіне байланысты жасалынған жұмыстарды да сөзге тиек етті.
Білім сапасын, біліктілігін арттыру, студенттеріміздің пәндік олимпиадалардағы көрсеткіштері, іс-тәжірибе және жұмыспен қамту, түлектерді жұмыспен қамту, ғылым саласындағы атқарылған жұмыстарды атап айтып, слайдттар көрсетілді.
Сонымен қатар жаңа оқу жылындағы атқарылатын жоспарлармен таныстырды. Оның ішінде, ағымдағы жылы 1500 адамдық үш жатақхана салу, жылу қазандықтарының алдағы 4 жылда толық жаңартылуы, материалдық- техникалық базаның жаңарту және толықтыру және т.б жоспарланған.

Университетіміздің І вице-президенті Женгиз Томар оқу орнымыздың ішіндегі мәселелерді шешуде осындай жиналыстардың маңызы зор екендігін айта келіп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ж.Томар:

— Жақында VІІІ Түркология конгресін атақты түркологтардың қатысуымен Стамбулда өткіздік. Сол жерде Қазақстан мен Түркия елдерінің әнұрандары орындалды,- деп екі елдің ынымақтастығы, бірігіп атқарып жатқан іс-шаралардың маңыздылығын айтып өтті.
Алқалы жиында университеттің жаңа даму бағыттары талқыланып, бекітілді. сонымен қатар, жиынның соңында сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар берілді.