ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ЕЛШІСІ ФИЛИПП МАРТИН УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ҚОНАҚТА БОЛДЫ

Қараша айының 5-ші жұлдызында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Болатбек Абдрасилов Француз Республикасының еліміздегі Елшісі, мәртебелі Филипп Мартинмен кездесті. Басқосуда біздің университет ғалымдары мен француз әріптестері арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ Францияның университеттерімен қос дипломдық жобаны дамыту, археология, түркология, тарих және IT бағытындағы ғылыми байланыстарды қоса алғанда нақты бағыттарды белгіледі. Онымен қоса, оқу ордамызда француз тілін үйрену, академиялық алмасу мүмкіндіктері ортаға салынды.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-ның ректоры Болатбек Серікбайұлы:
— Құрметті қонақтар, университетімізге қош келіпсіздер! Біздің университетімізге уақыт бөліп келгеніңіз үшін алғыс білдіремін. Алдымен біздің университетіміздің тарихы жайлы мәліметтер беріп өтсем. Оқу ордамыз қазақ-түрік достығын нығайтып отыр. Шежірелі шаһарда бой көтеріп тұрған университетіміз еліміздегі халықаралық деңгейдегі жалғыз жоғарғы оқу орны. Сіздер көріп, танысып шықсаңыздар да болады. Біз сіздермен де тығыз қатым-қатынас орнатып, жаңа мүмкіндіктер мен бастамаларға қол жеткізгіміз келеді, — деді.
Француз Республикасының еліміздегі Елшісі Филипп Мартин:
— Бүгін сіздермен қауышып жатқаныма қуаныштымын! Мен Түркістан қаласында бірнеше рет болдым және қаланың әкімдерімен де кездесіп, ынтымақтастық мәселелерінде сөз қозғаған болатынбыз. Жалпы тың идеялармен бірлесіп жұмыс жасауға біз қарсы емеспіз. Қазіргі таңда жан-жақты жұмыс жасап, достық пен татулықты нығайту қай тарапта болсын қажет. Сондықтан бұл бастамаға қолдау танытамыз, — деді.

Кездесу соңында университетімізге келген қонақтарға естелік тарту сыйлықтары табысталды. Ал жиыннан соң, Франция Республикасының еліміздегі елшісі Филип Мартин университетіміздің сенат залында студенттермен кездесті.

Сұрақ жолдаңыз