Ректор «Ел ағасы» төсбелгісімен марапатталды

Бүгін Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ –дың мәдениет сарайында Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Әкелер мектебі» жобасы жұмысының барысын талқылау мақсатындағы кезекті кеңесі өтті. Әкелер мектебінің мақсаты — отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін және ата-аналардың жасөспірімдер арасындағы  құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастырудағы ролін арттыру. Жиында бірқатар  ардагерлерге құрмет грамоталар мен дипломдар және алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, университетіміздің  ректоры   Болатбек Серікбайұлы Абдрасилов «Ел ағасы» төсбелгісімен марапатталды.

Түркістан облысының  барлық аудан, қалаларының ардагерлері  бас қосқан жиынды Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов  ашып, жүргізіп отырды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев және аудандық «Әкелер мектебінің» төрағалары қатысты. Әкелер мектебі өз қызметінде тәрбие процесін ұйымдастыруда және басқаруда мектепке, жастар ұйымдарына көмек көрсету, әкенің отбасындағы ролін терең тану сынды мәселермен жұмыстанатын болады. Сонымен қатар, отбасыдағы әкенің міндеттері мен жауапкершілігін қалыптастыра отырып жастарды ұлттық рухта, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді насихаттап тәрбиелеу.

Жиында бірқатар  ардагерлерге облыстық ардагерлер кеңесінің атынан құрмет грамотасы, дипломдар мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, университетіміздің  ректоры   Болатбек Серікбайұлы Абдрасилов «Ел ағасы» төсбелгісімен марапатталды.

Алқалы жиында сөз алған Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Серікбайұлы Абдрасилов:

«Бүгінгі іс-шараның маңызы зор. Әкелер мектебінің жұмысын қолдаймыз. Сіздермен бірлесіп жұмыс жүргізуге әрқашан да дайынбыз. Бұл өте өзекті мәселе. Қазақ халқының жастар тәрбиесінде бұрыннан қалыптасқан принциптерін оқу процесіне енгіземіз», — деді.

Басқосуда «Әкелер мектебінің» төрағалары сөз алып, мектептің қажеттілігі мен ата-ананың  жауапкершілігін көтеру мәселелерін қозғады. Әкелер мектебінің  әдістемелік жұмысын жетілдіру бойынша ғылыми топ құру жөніндегі ұсыныстарын да жеткізді. Ардагерлер өз ойларын ортаға салып, ұсыныс пікірлерімен бөлісті.

Облыс әкімінің орынбасары С. Қалқаманов «Әкелер мектебі» жұмысының жан-жақты атқарылуына әкімдік  тарапынан қолдау болатынын және басқа облыстармен тәжірибе алмасу ақсақалдардың іссапарларға баруын қамтамасыз етуде жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Шара соңында жиынды қорытындылаған Ж. Мәуленқұлов осы кеңесте айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы ескерілетінін және алдағы уақытта жұмыстың жандана түсетінін жеткізді.

Сұрақ жолдаңыз