ДІН- ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Университетіміздің мәдениет сарайында Түркістан облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Қазақстан халқының радикалдануына ішкі және сыртқы факторлардың ықпал етуін төмендету» атты облыстық семинар өтті. Семинардың мақсаты – дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және мемлекеттік саясатты іске асыруда мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің рөлін арттыру.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Қалмұханұлы Тәжібаев, Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіров, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Әлеуметтік қолдау және тәрбие істері жөніндегі вице-президенті Әміреқұл Егешұлы Әбуов, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ «Ясауитану» ҒЗИ директоры Досай Кенжетай Тұрсынбайұлы, Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директоры м.а., дінтанушы Медет Мұзаппарұлы Халықов және Түркістан облысының барлық аудан, қалаларының діни бірлестік қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен қоғамдық даму басқармасының қызметкерлері мен университетіміздің ғалымдары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Түркістан облысы прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіров:

— Құрметті семинарға қатысушылар! «Қазақстан халқының радикалдануына ішкі және сыртқы факторлардың ықпал етуін төмендету» атты облыстық семинар өткізіп отырмыз. Дін қызметкерлері халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізетін болғандықтан, олардың білім деңгейі жоғары болуы қажет. Имамдарымыздың шешендік қабілетін жетілдіруі қажет. Осы университетте өткізуіміздің себебі – ғалымдарымызбен кеңесіп, бірлесе отырып, ашық сұқбат құрып тәжірибе алмассақ деген мақсат болды.

Университетіміздің «Әлеуметтік қолдау және тәрбие істері» жөніндегі вице-президенті Әміреқұл Ергешұлы Әбуов:

— Құрметті семинарға қатысушылар! Қош келдіңіздер! Бүгінгі басқосудың маңызы ерекше. Дін – қоғамдағы аса маңызды саланың бірі. Қоғамды жақсыдан үйреніп, жамандықтан жиренуге жетелейтін, жастарды татулыққа үндейтін дін саласы қоғамдық санада үлкен маңызға ие. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің тарапынан көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқандығы белгілі. Университетімізде Дінтану мамандығы бойынша 300-ге жуық студент білім алуда. Семинарға қатысып отырған ғалымдарымыз бен діни бірлестіктердің өкілдері бірлесіп жұмыс жүргізуге дайынбыз, қолдаймыз.

Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ «Ясауитану» ҒЗИ директоры Досай Кенжетай Тұрсынбайұлы «Халықтың радикалдануының алдын алудағы дәстүрлі діни танымның маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Дін мен оның тарихы бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір азамат үшін мәдени қажеттілік екенін және діннің өзіндік мәнін жан-жақты атап көрсетті.
Бас қосуға жиналған діни бірлестік өкілдері өздерін толғандырған мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.