Оқу ордамызда озық үлгідегі екі зертхана пайдалануға берілді

Бүгін Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Кентау институты Инженерия факультетінің базасында Кентау трансформатор зауытымен бірлескен Ілияс Қожабаев атындағы “Smart Sensor Systems” және “Alageum Lab” атты замануи зертханалар пайдалануға берілді. Инновациялық жүйедегі заманауи жабдықтармен жабдықталған зертхана құрылымы электро-энергетика, автоматизация және басқару  бағдарламаларының  білім беру троекториясына сәйкес студенттерге және ғылыми жұмыстар жүргізу үшін магистранттар мен докторанттарға арналған.

Жаңадан ашылып жатқан зертханалар университетіміздің Кентау қаласындағы филиалы институтында орналасқан.

Шараға Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Болатбек Абдрасилов, І- вице-президент Женгиз Томар, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов және  еліміздегі электро-энергетика жабдықтарын шығарушы «Alageum Electric» компаниясының басшысы Сейдулла Қожабаев бастаған бірқатар азаматтар қатысты. Екі заманауи, озық үлгідегі ғылыми зертхана кабинеттерінің лентасы қиылды.

Зертхананың демеушісі – «Alageum Electric» компаниясының еншілес кәсіпорны «Кентау Трансформатор Зауыты» АҚ. Жобаның жалпы құны 42 млн теңгені құрайды.

Айта кетейік, зертхана құрылымының мақсаты — электроэнергетика, автомтика ғылымдары мен инженерия білім беру саласында қазіргі замануи және өндірістік тәжірибеге негізделген білім бере отырып, бәсекеге қабілетті инженерлік мамандарды даярлау. Яғни, замануи жабдықтармен жабдықталған зертханалар электро-энергетика мен ақпараттық коммуникциялық технологиялар бойынша инженер мамандарын дайындау бағдарламаларымен білім берілетін студенттерге арналған.

Ашылу салтанатында алғы сөз университет ректоры Болатбек Серікбайұлына берілді.

— Былтырдан бері инженерия факультетін Кентау қаласына көшіру бойынша шешім қабылдаған болатынбыз. Бүгінде бұл факультеттің осы қалаға көшірігеннен кейінгі қуанышты жаңалықтарына куә болып отырмыз. Жаңа жобаларымыз жүзеге асып жатыр. ХҚТУ-дың базасында екі ғылыми зертхана ашылуда. Біз, бүгінде «Alageum Electric» компаниясының құрамына енетін «Кентау Трансформатор Зауытымен» дуалді оқыту жүйесі бойынша инженерлік мамандарды дайындауды қолға алдық. Бұл өте тиімді әдіс. Осының арқасында тікелей әріптестік негізінде дайындап жатқан мамандарымыздың болашақта жұмысқа орналасуы да жақсармақ. Сонымен қатар, оқу процесі мен практиканы ұштастыра отырып, өндірістегі жұмысқа дайындықтарын жақсарта алады. Кентау трансформатор зауыты дүние жүзіне белгілі үлкен зауыт. Бұл кәсіпорыннан шыққан өнімдер дүние жүзінде сатылымға ие. Осы зауыт бізге зор мүмкіндік сыйлап отыр. Студенттеріміздің болашағына жол ашып отыр десекте болады, — деп «Alageum» компаниясының басшысы Сейдулла Қожабаевқа  алғыс хат табыстады.

Сондай-ақ, оны студенттердің білімін жетілдіру мақсатында оқу ордамызда дәріс беруге шақырды.

Осы орайда қуанышты бөлісуге арнайы келген Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов университет дайындап жатқан мамандарға деген қажеттіліктің алдағы уақытта еселей артатынын тілге тиек етіп, құттықтауын жеткізді:

«Кентау қаласында осындай халықаралық университеттің болуы үлкен мақтаныш. Сіз басқарып отырған оқу ордасында сырт елдерден де келіп оқып жатыр. Университет пен зауыт өз-ара әріптестік орнатып, мамандар дайындап жатқаны қунышты жағдай. Түркістан қаласының облыс орталығы болуына орай алдағы жылдары екі қаланың ортасындағы Оранғай елді-мекені тұсынан 400 гектардай аумақ жерге арнайы экономикалық аймақ салынады. Сол жерде де заманауи кәсіпорындар бой көтереді. Ол жерлерге де мамандар керек болады. Сондықтан университет дайындаған мамандар қажет. Бүгінгі ашылып жатқан зертханалардың маңызы зор», — деп табыс тіледі.

Жиында «Кентау Трансформатор Зауыты» сынды ірі өндіріс компаниялардың басын біріктіретін «Alageum Electric» холдингінің басшысы Сейдулла Қожабаевта тілек білдірді.

«Мына бүгінгі атқарылып жатқан іс-шара біз үшін үлкен қуаныш, жоғары мәртебе. Мәселен, трансформатор зауытына қатыстысын айтар болсақ, бұрын қазіргідей мүмкіндіктер болған жоқ. Ол кезде тіптен зауыттағы жетекші мамандарды тікелей Ресей немесе басқа республикалардан әкеліп, тағайындайтын. Бүгінде мемлекетіміз егеменді ел болғалы қаншама жақсы істерді жүзеге асырып жатырмыз. Соның арқасында бұрын сырт елдерге тәуелді болып келген тауарларды өзімізден шығара бастадық. Бүгінде осы университетпен бірлесіп әріптестік орнатып, жақсы  жұмыс жасап жатырмыз. Атап айтқанда, университетте инженерлік мамандық бойынша  білім алып жүрген  студенттерді бірлесіп дайындауды қолға алдық. Ашылып отырған зертханалар студенттердің білімін жетілдіру үшін өте қажет. Ендеше іске сәт!», — деп қолдау жасағаны үшін университет басшылығына алғысын білдірді.

Салтанатты ашылуда сөз алған университеттің I-вице президенті Женгиз Томар бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті.

«Кентау қаласының екі артықшылығы — бірі, мұнда әлемге әйгілі халықаралық университет болса, екіншісі танымал ірі зауыт бар. Бұлар Кентаудың үлкен мүмкіншілігі. Алагеумді Туркияда да бәрі біледі. Сондықтан осындай зауыт біздің университетке көмек беріп жатқаны және бірлесіп жұмыс жасап жатқаны біз үшін үлкен мәртебе», — деді I вице президент.

Украина елінің профессоры Сергей Тиховод есімді ұстазда өзінің жүрек-жарды лебізін білдіріп, Қазақстанның білім саласындағы жетістіктеріне деген таңданысын білдірді.

«Мен Запорожье қаласынан келіп отырмын. Ол қала трансформатордың астанасы десек де болады. Дегенмен де, Кентауда бізде жоқ стэндтердің болуы мені таңқалдырды. Біз бірге жұмыс жасауға және осындағы технологияны барынша қолдануға дайынбыз», — дейді.

Келесі кезекте шараға келген қонақтардың қатысуымен зертханалардың лентасын қию рәсіміне жалғасты және жарақталған жаңа зертханалардың жұмысымен танысты.

Университеттің оқу ісі жөніндегі вице-президенті Өмірбек Үмбетовті әңгімеге тартқанымызда, ол зертхананың ашудағы маңыздылығына тоқталды:

«Бұл екі зертханада студенттерді төрт бағытта,  яғни робототехника (иновациялық мамандық), ақпараттық жүйелер, электро-энергетика және автоматтандыру мамандықтары бойынша білім беру бағдарламасымен дайындайды. Студенттеріміз осында 3 күн теориялық сабақ өткізсе, КТЗ зауытына барып екі күн бойы тәжірибелік білім алады. Сол себепті мамандарды дайындау бойынша әріптестік негізде бірге жұмыс жасап жатқан «Alageum Electric» компаниясы жылына 300-350 дейін біздің бітіруші түлектерімізді жұмысқа қабылдауға мүмкіндігі бар», — дейді.

Шара барысында Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Кентау институты директоры Үсенбек Рахметовтің де пікірін білдік.

— Бізде бүгін екі ғылыми зертхананың ашылуы болып отыр. Бұл университет ректоры Болатбек Абдрасилов пен Кентау трансформатор зауытының басшысы Сейдулла Қожабаевтың үлкен идеялық қолдауымен жүзеге асып жатыр. Бұның негізгі мақсаты — болашақ инженер мамандарды дайындағанда білікті қызметкер шығарудың таптырмас мүмкіндігі. Кабинеттер толықтай заманауи құрылғылармен жабдықталып отыр. Трансформатор зауытымен бірлесіп жасалған дуалды оқыту жүйесі негізінде біз бәсекеге қабілетті, мықты маманды даярлап шығара аламыз — деді.

Осы орайда ХҚТУ-дың қабырғасында электор-энергетика мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-ші курстың студенті Ерсұлтан Болатбайда бүгінгі шараға қатысты ойын айтты.

— Бұл бізге берілген жаңа мүмкіндік. Дуальды оқыту жүйесі арқылы біз ғылымды тәжірибемен ұштастырудамыз. Біз тек теория жүзінде ғана емес практика жүзінде көзбен көріп, қолмен ұстап, дайындығымыз бен мамандығымызға деген махаббатымызды ұлғайтудамыз. Әр аптада екі күн Кентау трансформатор зауытында таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін тәжірибелік дәрістен өтеміз. Мұнда жұмыс жасайтын қызметкерлерден білмегенімізді сұрап, білімімізді толықтырып жатырмыз. Бізге беріліп отырған бұл мүмкіндікті біз де тасада қалдырмаймыз. Әр апта сайын зауытқа баратын күнді асыға күтеміз. Себебі мұнда алған біліміміз өте ерекше, — деді ол.

Мерекелік шараның соңы концертке ұласты. Қ. Ясауи ХҚТУ-дың өнерпаздары мен студенттері ән шашудан ән айтып, би билеп өздерінің өнерлерін көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Б. Абдрасилов және Кентау трансформатор зауытының Бас директоры С. Қожабаев Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталмыш құжат аясында білім, ғылым және технология саласында түрлі жобаларды бірлесе жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізіліп отыр. Кентау трансформатор зауыты негізінде университетіміздің студенттерін дуалды оқыту бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру жедел жобалардың бірі болып табылады. Ол білім беруді және экономиканың нақты секторын біріктіру туралы Мемлекет басшысының идеясын іс жүзінде жүзеге асыруды көздейді. Бағдарлама Жоғары Мемлекеттік басқару және экономика мектебі мен Инженерия факультетінің 6 мамандығын қамтиды. Жоба аясында бүгінде университет қабырғасындағы теориялық оқумен қатар тікелей зауытта, зертханалар мен цехтарда практикалық дайындық үйлестіріліп оқытылып жатыр. Атап айтқанда, инновациялық оқу жоспарлары аясында университеттің студенттері теория бойынша сабақтың бір бөлігін оқу ордасында оқыса, қалған бөлігінде университет оқытушылары, зауыт мамандарының жетекшілігімен студенттер өз мамандықтары бойынша практикалық жұмыс дағдыларын иелену үшін зауытта өткізеді.

Аталмыш жоба бүгінде Қазақстанда дуальды білім концепциясын тәжірибелік жүзеге асырудың алғашқы нақты мысалдарының біріне айналды.