Жаһандық тарихтағы қазақ халқының рөлі талқыланды

Университетіміздің мәдениет сарайында «Ел-шежіре» қоғамдық қоры мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен шетелдік сарапшылар қатысқан «Ұлы даланың жеті қыры: ұлттық тарих уақыты» («Ұлы дала халықтарының құндылықтары») ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған жаһандық тарихтағы қазақ халқының рөлін талқылау. Қазақ халқының тарихи тамырларын қарастыру және қазіргі заманның жаһандық мәселелерін зерттеуде отандық ғалымдардың халықаралық ынтымақтастығының негізгі бағыттарын анықтау.

Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылып отыр.
Конференцияға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің ғалымдары қатысты.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Б.Кенжебайұлының түріктану музейінің директоры проф.док. Ергөбек Құлбек Ұлы даламыздың тарихын тану арқылы  түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндіктеріміздің мол екендігін айтты. Бұл жиынның мақсаты — төл тарихын бағалайтын жас ұрпақ тәрбиелеу және  насихаттау болып табылатындығын жеткізді.

Алқалы жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын координациялау департаментінің директоры Эльдар Мырзабекұлы Түлеков:- Құрметті конференцияға жиналған қауым! Бүгінгі жиынның маңызы зор. Көне тарихымызға қатысты негізгі жобалар туралы сыр шертеді,  осы бағыттағы жұмыстарды жетілдірудің жаңа деңгейін айқындаған бастама деп білемін. Бүгінгі конференцияда тың тақырыптар мен ұсыныстардың болатынына сенімдімін»- деді.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің І вице-президенті проф.док. Женгиз Томар конференцияның маңыздылығына тоқталып,  түркі елдерінен келген ғалымдармен Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру жөніндегі пікірлерін ортаға салуды ұсынды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары С. Қалқаманов Түркістан қаласы облыс орталығы болып құрылғалы барлық жағынан қарқынды дамып жатқандығын, оған  жастарымыздың орасан зор үлес қосып жатқандығын айтты. Жастарымызды жан-жақты тәрбиелеп жатқан Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұжымының еңбегін ерекше атап өтті. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы мәселелер осындай бас қосулар арқылы жүзеге асырылып жатқандығына кеңінен тоқталды.

Конференция  «АЛТЫН ОРДА ТАРИХЫ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ТАРИХИ АЛТЫН ҒАСЫРЫ», ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ЕСІМДЕРІ»,  ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҚАСИЕТТІ ОРЫНДАРЫ МЕН ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАРЫ»,  «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ-ӨРКЕНИЕТ БАСТАУЫ»,  ТҮРКІСТАН – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БЕСІГІ» секциялары бойынша жалғасты.

Ертең 21 қараша күні конференция қатысушыларын өңірдің тарихымен, көрікті жерлерімен және қасиетті орындарымен таныстыру барысында экскурсия ұйымдастырылады.