ТЫҢ ҰСЫНЫСТАР ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Бүгін, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Мемлекеттік басқару және экономика Жоғары Мектебінің Консультативтік Кеңес отырысы өтті. Алқалы жиында Жоғары Мектептің  бір жылдық атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалып, ұсыныстары талқыланды. Естеріңізге сала кетейік, өткен оқу жылында оқу ордамызда Мемлекеттік басқару және экономика Жоғары Мектебі ашылған болатын. Алғашқы мектеп ашылған уақытта экономика, жергілікті және мемлекеттік басқару, қаржы мамандығынан 20 студент іріктеліп алынып, олар он апта бойы дәріс алып, түрлі тренингтерге қатысты. Осы мектепті бітірген студенттердің бірқатары қазіргі кезде мемлекеттік органдарда арнайы бағдарламалар бойынша жұмыс істесе, қалғаны магистратурада, тағы басқа да оқу орындарында білімдерін жалғастыруда.  Жоғары Мектепте 354 студент білім алуда. Арасында шетел студенттері де бар. 

Консультативтік Кеңес отырысында университет ректоры Б.С.Абдрасилов модераторлық етті. Отырыста аталмыш мектептің Консультативтік Кеңес төрағасы, Астана мемлекеттік қызмет Хабы басқарушы комитетінің төрағасы Ә.М. Байменов және Консультативтік Кеңес мүшелері, университетіміздің І вице-президенті Ж.Томар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Б.А.Искаков, Мемлекеттік емтихан орталығы төрағасының орынбасары Б.Б.Халилов (Әзірбайжан Республикасы), АО«KazPetroDrilling» вице-президенті Ш.Ж.Мұқан, «Whiteshield Partners» компаниясының Еуразия аймағы бойынша директоры E.С. Жаркешов бас қосты. Сонымен қатар ҚР Президенті Архив директорының орынбасары А.Х.Мустафина, университет басшылары мен студенттері де қатысты.
Алқалы жиында Мемлекеттік басқару және экономика Жоғары Мектебінің ТИМ лидері Д.Н.Ергалиев бір жылдық атқарылған жұмыстардың есебін берді. Сонымен қатар, Жоғары Мектептің жұмысын ілгерілетін ұсыныстарын ортаға салды. Кеңес мүшелері Жоғары Мектептің жұмысына баға бере отырып, өз ұсыныстарын да жеткізді.
«KazPetroDrilling» вице-президенті Ш.Ж.Мұқан: — Мен былтырғы жылы Түркістанға келген едім. Адам танымастай бір жылда өзгеріп кетіпті. Менде қатты таңданыс жоқ. Себебі, мұндай қарқынды жұмыс бұрын Астанамызда жүргізілген болатын. Елордадан кейінгі жедел түрде дамып келе жатқан қала — Түркістан. Мемлекеттік астанамыз бен рухани астанамыздың ерекшелік дәрежесі бірдей. Сіздер, студенттер осындай қасиетті шаһарда білім алып жатқандарыңызға қуануларыңыз керек. Сіздер университеттен сапалы білім алудасыздар. Сапаны түрлі мағынада анықтаймыз. Адами сапа, мәдени сапа, білім сапасы, қызметтің сапасы бар. Сапаны бағалау үшін benchmarking тәсілін қолданамыз. Д.Н.Ергалиев таныстырған баяндамаға қарап Жоғары Мектеп Кеңесінің сапалы жұмыс жасағанына көз жеткізе аламыз. Сондай үлкен жұмыстың кішкентай бір бөлшегі болғанымызға қуаныштымын. Алда талай жұмыстарды бірлесе атқаратын боламыз – деген жылы лебізін білдірді.
Университетіміздің Мемлекеттік басқару және экономика Жоғары Мектебінің Консультативтік Кеңесінің төрағасы, Астана мемлекеттік қызмет Хабы басқарушы комитетінің

төрағасы Ә.М.Байменов:  — Мемлекеттік және экономика маманын даярлағанда басқа пәндер, мамандықтар секілді теория мен тәжірибиенің ұштасқаны маңызды. Осыны ескере келе бір жыл бұрын Қожа Ахмет Ясауи университетінің Мемлекеттік басқару және экономика Жоғарғы Мектебінде Ақылдастар алқасын құру туралы шешімі өте маңызды. Біз бұл келіссөздер арқылы осы кеңестің құрамына бір жағынан тәжірибесі мол және білімі жоғары азаматтарды тартып отырмыз. Бір айта кетерлік жағдай осы Мемлекеттік басқару және экономика Жоғарғы Мектебінің ұжымы да осы уақытта өздерінің озық екендерін, әлі де дамуды қажет ететін жақтарын дұрыс анықтап, баяндамалар жасады. Баяндамалар мен ұсыныстарға Кеңес мүшелері де өздерінің қосарларын қосты. Біздің ойымызша, бұл талқылау енді мектептің дамуының жаңа деңгейге шығуына көмектеседі. Оның ішінде мен бірнеше бағыттарға тоқталып өткім келеді. Біріншіден, студенттер заманауи білім алу үшін осы университетте мемлекеттік басқару саласында, экономикада нақты мысалдарға негізделген зерттеулер жүргізуі керек. Біздің кеңестің мүшелер сол зерттеулерді қарап, ұйымдастырып, қаржыландыру және оған басқа да сарапшыларды тарту жөніндегі іске мұрындық болады. Екіншіден, сабақ беретін ұстаздардың өздері де әлемнің түкпір-түкпірінде болатын түрлі пікір алмасу, конференция, ғылыми зерттеулерге қатысуы керек. Осы тұрғыда да біздің Кеңес университетке көмек көрсететінін мәлімдеді. Үшіншіден, студенттердің өздеріне тәжірибиеден өту туралы біз нақты ұсыныстарымызды бердік. Осының бәрі жүзеге асса, мұнда оқитын студенттерге қазір де жасалып жатқан көп шараға қолдау болады деп сенеміз. Бірақ, түбегейлі мәселеге келгенде, студенттің ынтасы менен таңдаған шешіміне байланысты болады. Сол себептен де қазіргі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық университетің Түркі әлеміндегі алатын орны студенттерге, ұстаздарға жаңа бір жауапкершіліктің деңгейін жоғарлатуға көмектессе, екіншісі, біздің елемізде мына Түркістанда болып жатқан өзгеріс пен Түркістанның облыс болып құрылуы. Бұл да жаңа талаптарға және мүмкіндіктерге жетелейді деп сенемін – дей келе айтылған ұсыныстарды талқыға салып, тапсырмалар берді.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың  І- вице президенті Женгиз Томар:

— Бүгінгі жиынның мәні ерекше. Осы жиынға халықаралық деңгейдегі  ғалымдардың қатысуы біз үшін маңызды. Бұндай басқосулар біздің  Жоғары мектепте білім алушыларымыздың білім деңгейіне оң әсерін тигізеді. Университетіміз  түркі әлемінің шаңырағы болғандықтан, әлем ғалымдарының бас қосуына әрқашан да дайынбыз. Біздің студенттеріміз халықаралық деңгейдегі  ғалымдардан  білім үйреніп, тәжірибелерін уйренуі маңызды.  Біздің студенттеріміз көп ұлттың құндылықтарын біледі Жоғары мектеп студенттеріміздің халықаралық бейбітшілікке қосар үлесі көп, — деді.

Жиын соңында оқу орнымыздың ректоры Б.С.Абдрасилов Консультативтік Кеңес отырысына жиналған Кеңес мүшелері мен қонақтарға университет тарапына айтылған құнды ұсыныстары мен көмектеріне алғысын білдірді.

Кеңес отырысынан кейін «KazPetroDrilling» вице-президенті Ш.Ж.Мұқан және Туркия мемлекеті Мармара университетінің профессоры Иджлал Атилла  студенттермен еркін форматта кездесті. Жастарға заман талабына сай білімді де, білікті маман болуға ақыл кеңестерін берді. Студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, өз тәжірибелерімен бөлісті.