Рухани астананың әкімі студенттерге дәріс оқыды

1 желтоқсан — Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің Тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды. Елімізде 2011 жылдан бері Тұңғыш Президент күні аталып келеді.
Айтулы мереке күніне орай, бүгін облысымыздың зиялы қауым мен жергілікті билік өкілдері оқу ордамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет алдындағы жетістіктерін тану мақсатында студенттерге арнайы дәріс өтті. Лекциялар бір мезгілде бес секцияда оқылды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов, университетіміздің ғалым-ұстаздары Сейдулла Садықов, Тәліб Жұманов  Елбасының ерен еңбектері мен еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктерін жастарға айтып беріп, құнды деректермен бөлісті. Бұл мерекенің маңызы мен мәніне тоқталды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов студенттерге Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың ғасырға татырлық істері мен Қазақстанның мәртебесін төрткүл дүниеге таныту үшін жасаған ерен еңбектері жөнінде кеңінен әңгімеледі. Келешекті білу үшін тарихымызды тану қажеттігіне назар аударды. Тәуелсіздік жылдарында қоғамның бір формациядан екінші формацияға өту барысындағы Елбасымыздың көрегенділігінің арқасында маңызды шешімдер қабылдауы ұтымды жағдай болғандығын айтып өтті. Тәуелсіздігіміздің осы уақытқа дейінгі бағындырған белестері , алдағы уақытта жастардың арқасында алар асуларымыздың одан да көп екендігін түсіндірді. Бүгінде еліміз дамудың даңғылына түсе отырып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан ойып тұрып орын алуға ұмтылған еді. Бұл белестің де, одан да зор асулардың да бағындырылатындығы сөзсіз. Оған Елбасымыздың бастамасымен қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» ұлт жоспары өз септігін тигізері анық. Лекция барысында студенттерге білім де тәрбиелі болуға шақырды. Болашақ жастардың қолында екендігін жан-жақты түсіндірді.
Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов оқу ордамыздың студенттерімен Тұңғыш Президентіміздің елімізді дамыту жолындағы еңбектерімен таныстыру мақсатында кездесу өткізді. Түркістан қаласының облыс орталығы болуының маңызы мен алдағы атқарылар шараларда жастардың үлесін атап өтті. Жастарды қаламыздың дамуына үлес қосуға шақырды және және жастар жылына орай жасалатын жобалармен таныстырды.
Туризм саласынының дамуына ат салысып, ресторан және қонақ үй жүйесін әлемдік деңгейге көтеру мақсатында жобаларын ұсынуды тапсырды.
Ғылым бар жерде даму бар демекші, осы университетпен бірігіп облысқа қажетті кадрлерді дайындап, көптеген жобалар жасалу керектігін ескертті.

Бүгінгі өткен арнайы дәрістердің соңында студенттер түрлі сұрақтар қойып, жауаптар алды.