Тұңғыш Президент күні атап өтілді

Университетіміздің сенат залында 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күніне арналған конференция болып өтті. Конференцияның мақсаты – Елбасымыздың елімізді дамытудағы еңбегі мен мемлекет болып қалыптасудағы рөлін айшықтау. Елбасымыздың тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолындағы еңбектерін одан ары қарай дамыту. Конференцияға облысымыздың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, оқу ордамыздың ғалымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Елбасымыздың тәуелсіздік жылдарындағы еңбегі жөнінде кеңінен таныстырды. Түркістан облыс орталығы болғандықтан Елбасы сенімін ақтап, рухани орда ету мақсаты тұрғандығын атап өтті. Қазақстанды өркендету жолында Н.Назарбаевтың жоспарларын одан ары қарай жалғастыру міндеттеріне тоқталды.
Елбасының курстасы Әсетулла Каримов:

«Осыдан 61 жыл бұрын Лениншіл жас газетіне үндеу шыққан болатын. Ол кезде Қарағанды облысы Теміртау қаласында металлургия зауыты салына бастаған еді. Соған жергілікті қазақ жастарынан мамандар дайындау керек болатын. Үндеуде барам деген жастар болса, әркім өз облыстарындағы Комсомол комитеттеріне барып, сол жаққа оқуға жолдама алатындығын хабарлаған еді. Днепродзержинскі қаласына техникалық училищеге оқуға түсіп, кейін Теміртауға жұмысқа бардық. Сол зауыттың негізін қалауға жұмыс істедік. Сонда Нұрекеңнің алғырлығы мен көпшілікпен сөйлесуі, қарапайымдылығы, іскерлігіне тәнті болатын едік. 30 жыл ел басқарғандағы жасаған еңбектері орасан зор. Нұрекеңнің арқасында Қазақстанды әлем таныды», — деді.
Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт:

«Біздің Тұңғыш президентіміз, Елбасы Н.Назарбаев бүкіл әлем мойындаған  жаңашыл, бастамашыл, батыл президент ретінде танылған тұлға. Қазақстанды әлемге танытты. Түркі дүниесінің ақсақалы, көшбасшысы. Түркі Кеңесінің құрметті төрағасы. Тарих толқынында еліміздің даму жолындағы еңбегі орасан деп айтуымызға болады. Еліміздің болашағын анық, айқын нақтылаған тұлға. Президентіміз мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сабақтастық, өрлеу, әділдік» деп Елбасымыздың жолын жалғастырып, мәңгілік ел болуды мақсат тұтады», — деді.
Басқосуға жиналғандар Қазақстанның халықаралық аренада ойып тұрып орын алуына Елбасымыз Н.Назарбаевтың өлшеусіз үлес қосқандығын атап, бүкіл әлем Қазақ елін танып, бастамаларына қолдау білдіріп жатқандығын айтты.