«Елін сүйген, елі сүйген – Елбасы» атты мерекелік іс-шарасы өтті

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мәдениет орталығында Түркістан облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елін сүйген, елі сүйген – Елбасы» атты мерекелік іс-шарасы өтті.

Салтанатты кеште Түркістан облыстық мәдениет мекемелерінің өнерпаздары мен ХҚТУ студентері өнер көрсетті. Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар беруде Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Елбасының ерлігі мен елдігін ұлықтау мақсатында ән мен жырдан шашу шашылды.
Елдің ыстық ықыласы мен Елбасына деген құрметтің белгісі ретінде бірнеше жылдан бері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аталып өтіп жүр. Бұл — Елбасыға, Ұлт көшбасшысына берілген әділ баға және лайықты құрмет. Концерт шымылдығы «Елін сүйген, елі сүйген – Елбасы» атты театрландырылған музыкалық хореграфиялық қойылыммен ашылды. Елбасының қайраткерлігі мен ел үшін атқарған ерен еңбектеріне арналған «Елбасы», «Нұр-Сұлтан – басқала» әндері шырқалып, Елбасы ерекше ықыласпен қабылдаған дәстүрлі әндерден үзінділер орындалды.
Мәдениет залының фойесінде орналасқан «Елбасы және Ұлы Дала мұрасы» атты фото және кітап көрмесі Тұңғыш Президенттің ел басқару ісіндегі ерекше сәттерінен сыр шертіп, келген көпшілікке айрықша әсер қалдырды.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бірлігін, Конституциясын, адам мен адамзаттың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы екендігі ешкімге де дау тудырмасы анық. Осыған орай аталған Заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Республикаға сіңірген ғаламат зор еңбегі танылған болатын.
КСРО күйреген шақта жеріміздің тұтастығын сақтап, ел іргесін сөкпей, татулық пен бірлікті, достық пен сыйластықты ту етіп, тәуелсіздігі тұғырлы, жасампаз Қазақстан мемлекетін құрды. Күрмеуі қиын шақтарда өзіне сенім артқан жұртын берекелі бірлік пен өркениетке бастап, Қазақстанды дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білген Президенттің халық үшін еткен қызметі ерен. Қазіргі кезде есімі елімен қатар аталып, алыс-жақын мемлекеттерде мәртебесі тасыған Тұңғыш Президентіміздің күнін атап өту әрбір қазақстандық үшін мерейлі мереке екені анық.
Бүгінгі күнде бейбітшілік пен тату-тәтті күн кешіп жатқанымыз көреген көшбасшымыздың сарабдал саясаты мен сара жолы екендігі мәлім.

Түркі жұртының рухани астанасы Түркістан қаласына арналған туындылар мен патриоттық, азаматтық бағыттағы шығармалар орындалған мерекелік кеш Нұрсұлтан Әбішұлының сөзіне жазылған «Елім менің» әнімен түйінделді.