Нежметтин Біләл Ердоған университетте қонақта болды

Түркия Президенті  Режеп Тайып Ердоғанның ұлы Нежметтин Біләл Ердоған  бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да қонақ болды. Қазақстанға келген сапарында  Сарыағаш қаласындағы 10 мың орындық сәулетті, ерекше мешіттің ашылуына қатысқан түркиялық мейман  бүгінде барша түркітектес жұртының балалары білім алып жүрген оқу ордамыздың да шақыртуын қабыл алған.

Одан өзге, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Иябайұлы, елімізге белгілі қоғам қайраткері, Парламент депутаты Бекболат Тілеухан, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек, Түркия Республикасының бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдары кеш қонақтары болды.

Тұңғыш Президент күні мерекесінің қарсаңында Түркістанға ат басын бұрған түркиялық қонақтар алдымен Қ.А. Ясауи кесенесіне барып, зиярат еткен соң оқу ордамыздың Мәдениет орталығында орналасқан мұражайда болды. Ондағы құнды әшекей бұйымдар мен тарих беттерімен танысты. Оған қоса қадірлі қонақ жылы тілектерін лебіз кітабына қалам іздерімен қалдырды.

Қадірлі меймандарға арналған кеш оқу ордамыздың Мәдениет өнерпаздары мен дарынды студенттерінің ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Түркия президентінің ұлы Біләл Ердоған:

«Біз соңғы үш күн ішінде Душамбе, Ашхабад, Ташкент қалаларында болдық. Енді міне бүгін Түркістанға қонаққа келіп отырмыз. Өздеріңіз еңбек етуді, ғылым мен ізденістегі құштарлықтың қиын әрі жемісті екенін білесіздер. Бұл университет ұлы ғұлама Ясауидің атында болғандықтан сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Қожа Ахмет Ясауи тек қана Орта Азия емес Анадолы топырағында өмір сүретін халықтарға өзінің ілімін ғылымын жеткізген ұлы ұстаз. Мен сіздерге де сол ұлы ұстаздың шәкірттері ретінде қараймын. Құрметті жастар, бұл жерде алатын білімдеріңіз, маман иесі атануларыңыз, сіздердің негізгі міндеттеріңіз. Мұны Ясауидің ілімінен де, оның өзінің өмірінен де нақты көруге болады. Бұл қасиетті білім ордасының ректоры мен ректор өкіліне және баршаларыңызға Түркия елі атынан  сәттілік тілеймін, — деді ол.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ -дың ректоры Болатбек Абдрасилов:

«1  желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай елімізде түрлі  іс-шаралар өтуде. Бүгін біздің университетімізде де үлкен мерекелік жиындар болып өтті.  Осындай мерекенің қарсаңында  оқу ордамызға бауырлас ел Түркиядан құтты қонақ келді. Ол — Түркия Республикасының құрметті азаматы, Президент Режеп Тайып Ердоған мырзаның ұлы Біләл Ердоған. Сонымен қоса, Түркия елінің қоғам қайраткерлері, құрметке ие ұстаздары, ғалымдары оқу ордамызға табан тіреді. Мұндай  қадірлі қонақтардың бізге қонақ  болуы біз үшін үлкен мәртебе, — деді.

Келесі кезекте сөз алған университетіміздің I вице-президенті Женгиз Томар қонақтарға лебізін білдірді.

«Сіздердің біздің қонағымыз болуларыңыз біз үшін ерекше қуаныш және мақтаныш, өйткені біздің университет түркі әлемі бірлігінің символы. Ахмет Ясауи бабамыздың мың жыл бұрын дәріптеген төзімділік философиясы бүгін де біздің студенттеріміздің әрекетіне айналуда және біз түркі әлемінің жастарына осы рухты төрт тілде үйретуге тырысамыз. Сіздер соны тамашалауға келгендеріңіз үшін мен барлық студенттердің, университет ұжымы атынан  алғыс айтамын.

Кеш концерттік бағдарламаға ұласып, сахна төрінде университеттің студенттері түрлі ұлттардың билерін билеп, бауырлас елдердің құрметіне арналған «Достық» әнін шырқады.

Қонақтардың құрметіне арналған кеште қазақтың қонақжайлық салтына сәйкес, шапан жабылып, сый-сияпат көрсетілді.

Айта кетуіміз керек, бүгінде еліміздегі халықаралық статусқа ие бірден-бір білім ордамызда қазіргі таңда әлемнің 19 елінен келген 40 ұлттың жастары (басым бөлігі түркітектес ұлттардың өкілдері) білім алып жүр. Тарқатып айтсақ, университет түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келіп білім алатын жастар үшін алтын шаңыраққа айналған.

Осы тұрғыда оқу ордамызға қаржылай қолдау көрсетіп келе жатқан Түркия елінің университетіміздің дамуына қосқан үлесі көп екенін ерекше атап өтуге болады. Бауырластықтың туын желбіртіп, екі елдің арасында алтын көпірге айналған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ қазақ-түрік достығының символы болып табылады.