Ғасырға жуық тарихтан сыр шерткен мерейтой

Бүгін оқу ордамыздың мәдениет орталығында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 95 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Мерейтойға Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.А.Қалқаманов, Облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғ.Елшібай, еліміздің мерзімді баспасөз журналистері мен студенттер қатысты.
Жиында газет тарихына арналған деректі фильм көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары С.А.Қалқаманов құттықтау сөз сөйлеп, газеттің бас редакторы А.Балажанға еліміздің Президенті Қ.Тоқаевтың алғыс хатын тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімінің алғыс хатымен бірқатар қызметкерлерді марапаттады.
«Оңтүстік Қазақстан» газеті оңтүстік өңірінің хабаршысы, халықтың көзі һәм құлағы бола білген халықтың сүйікті басылымына 95 жыл толып отыр. Ғасырға жуық тарихы бар «Оңтүстік Қазақстан» газеті» бастауын Түркістан автономиялы Республикасы коммунистік партиясының үні ретінде жарыққа шыққан «Ақ жол» газетінен алады. Басылымның негізін ұлт қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов қалаған.
Осы тұрғыдан газеттің бас редакторы Абай Балажан: — Газетімізге шындығында 99 жыл толып отыр. Бұл мәселе баспасөз беттерінде де көтеріліп жүр. Осы уақытқа дейін газеттің шыққан жылы 1924 жыл деп көрсетілуде. Оны тарихшылардың ешісіне қалдырайық. Дегенмен 95 деген де аз жыл емес, ғасырға жуық, абыздың жасы, — дей келе әріптестер мен оқырмандарды мерейтоймен құттықтады.
Бұл кеште газеттің тарихынан сыр шертілді, күй тартылып ән шырқалды.
Мерекелік жиын «Өңірлік БАҚ: проблемалары мен перспективалары» атты форуммен жалғасты. Жиынды университетіміздің «Туризм және журналистика» кафедрасының профессоры Б.Сердәлі модераторлық етті. Форумда университетіміздің «Туризм және журналистика» кафедрасының оқытушысы М.Қалиланың «Мультимедиалық журналистика дамыған заманда қазақ газеттерінің тиражын қалай сақтап қалуға болады?» және «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры, бас редактор Б.Тайжан «Қазақ газеттеріне қалай жарнама жасауға болады? тақырыптары бойынша баяндамалары тыңдалды. Қазіргі таңдағы қазақ газеттерінің өзекті мәселелері талқыланып, ұсыныс пікірлер тыңдалды. Форумда Қ.Ергөбек, М.Байғұт, Б.Қонысбек, З.Қыстаубаев басқа да облысымыздың баспасөз өкілдері осы мәселелер жөнінде өз ойларын ортаға салды. Оқу ордамыздың жас журналистері де қазіргі қазақ баспасөзінің дамуы барысындағы мәселелер жөнінде пікірлерін білдірді.