Ұстаздар үшін жағымды жаңалыққа толы жыл болды

Еліміздің Білім саласы жаңашылдық пен реформа енгізуден кенде емес. Жылда еліміздің өсіп-өркендеуі үшін жаңа заңдар қабылданып, өзгерістер енгізіліп жатады. Ал, биылғы жыл ұстаздар үшін жағымды жаңалықпен аяқталғалы тұр. Күні кеше ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысында көптің талқылауынан өткен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды.
Сенат мінберінде, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты 21 баптан тұрады. Жалпы, аталған заң жобасында төрт бағыт қамтылады. Біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері, сондай-ақ төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Заңда мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру, барлық педагог қызметкерлер алдағы уақытта 56 күндік демалысқа шығу, сонымен қатар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу үшін басымдық берілген. Бұл дегеніміз, біріншіден, ұстаздарымыздың мәртебесін көтеруге бағытталған айқын қадам болса, екіншіден, білім алушылардың білім алуына үлкен мүмкіндіктері арта түсері анық. Тағы бір айта кететін жақсы жаңалық, ұстаздарды заңсыз жұмысқа тартқандарға белгілі бір мөлшерде айыппұл салынатын болды. Бұның барлығы «Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді» келеді демекші, педагогтың мәртебесін көтеру үшін жасалынып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы қыркүйек айынан бастап жұмысшы мамандықтағы 122 мың білім алушының шәкіртақысы 30%-ға ұлғайтылған. Ал, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап арнаулы орта білім мамандарының шәкіртақысы 16 759 теңгеден 20 948 теңгеге, ал өте жақсы оқитын студенттердің шәкіртақысы 19 272 теңгеден 24 090 теңгеге көтеріледі.
2020 жылдың қаңтар айынан бастап базалық деңгейде бакалавр дәрежесінде білім алушылардың шәкіртақысы 20 949-дан 26 186 теңгеге, магистратура шәкіртақысы — 53 530-дан 66 913 теңгеге және докторантура шәкіртақысы — 81 998-ден 102 498 теңгеге көтерілмек. Мұның өзі ата-аналар үшін және білім алушы жастарымызға үлкен көмек.
Биылғы жылы өткен Тамыз конференциясына еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, ұстаздарға қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, «Мемлекет басшысының Тамыз конференциясында берген тапсырмасының аясында төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есе артады. Бұл тұрғыдан алдағы қаңтар айынан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға өседі. Депутаттардың қолдауымен осы бекітілген бюджетте тиісті қаражат қарастырылған. Біз осы жұмысқа қаңтардан бастап кірісуге дайынбыз», – деді Асхат Аймағамбетов.  Еліміздің Бас ұстазының осы мәлімдемесіне сәйкес алдағы 2020 жыл да жағымды жаңалықпен жалғасқалы тұр.

Фото: http://www.parlam.kz/kk/mazhilis