Қысқы емтихан сессиясы қалай өтіп жатыр?

Университетіміздің барлық мамандықтары бойынша 18.12.2019-18.01.2020 ж уақыт аралағында қысқы емтихан сессиясы өтіп жатыр. Емтихан өткізудің ауызша, жазбаша, ЭЕМ тест, ауызша-жазбаша, шығармашылық, тәжірибелік, жобаны қорғау, қос кезеңді және Әлеуметтік-саяси білім модулі бойынша кешенді емтихан –жалпы 12 түрі бекітілген. Алдын-ала құрылған кесте бойынша орталықтандырылған ЭЕМ+тест және жазбаша емтихандардың сапалы өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында факультеттердің оқытушы-профессорлар құрамынан кезекшілік ұйымдастырылған. Ситуациялық орталықтар, яғни 404, 323, 114 кабинеттерде бейнебақылау орнатылған.

Биылғы оқу жылындағы қысқы емтихан сессиясының өзгерістері, жаңалықтары мен ұйымдастырылуы жөнінде университетіміздің Академиялық істер жөніндегі департамент директоры Талғат Жақсыбайұлы Ниязов:

-Былтырғы жылы Қазақстан жоғары оқу орындарының арасында академиялық адалдық лигасы құрылған болатын.  Оған мүше  болу үшін бірқатар талаптарға жауап беруіміз қажет. Талаптардың бірі білім алушылардың  академиялық адалдығын қалыптастыру болып табылады. Оқытушы мен студент емтихан кезінде бетпе-бет отырып емтихан тапсырмайды. Биылғы жылғы емтихан тапсырудың бір ерекшелігі емтихан сессияның 90 пайызы контактілі емес емтихандар болды. Бұл шығармашылық пәндер, яғни дене шынықтыру, өнер, музыкалық мамандықтардың емтихандарына қатысты емес. Университетімізде оқу процесінің талаптарына сәйкес емтихан тапсыратын студент өз тілін, өз пәнін, деңгейін, емтиханын өзі таңдап емтихан тапсырады. Студентке еркіндік берілген. Студенттеріміздің сапалы білім алып, болашақта еліміздің дамуына өз үлесін қосатын білікті маман болуы үшін жасалған жағдайлар деп білемін» деп сөзін аяқтады.

Оқу ордамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облыстық «Адалдық алаңының» ұсынысымен Университет басшылығының қолдауымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу мақсатында «Парасат орталығы» құрылған. Бұл орталықта қысқы емтихан сессиясының өткізілу барысы барлық факультеттердегі емтихан өткізілетін дәрісханаларға орнатылған бақылау камерасы арқылы бақыланады. Сондай-ақ , бұл орталықта Шымкент медицина институты мен Кентау инженерия факультеттеріндегі студенттердің емтихан тапсыру барысы да қадағаланады. Университетіміздегі Парасат орталығындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Нұржахан Ермағанбетқызы Абуова:

«Жүз жылдығын ойлаған халық, саналы ұрпақ тәрбиелейді» деген сөз бар, сондықтан біз жастарымыз саналы болуы үшін , білімді болуы керек. Білімді де білікті маман дайындау мақсатында мына мониторлар арқылы емтихандарды бақылап отырамыз. Студенттердің сабақта алған білімдерін ешқандай көмекші құралдарсыз тапсыруын қадалағаймыз»-деп жұмыстарымен таныстырды.

Емтихандардың өту барысы жөнінде жазбаша емтихан тапсырған студенттерінің жауабын тексеріп шыққан Туризм және журналистика кафедрасының аға оқытушысы Сақтапберген Мырзабекұлы Мұқанов:

«Қазіргі кредиттік жүйе бойынша емтихан тапсыру оқу процесінің тәртібі мен ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Емтихан студенттің 15 апта бойы алған білімінің көрсеткіші, жемісі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің және университетіміздің оқу процесінің талаптарына сәйкес оқу процесін жүргізу біздің міндетіміз болып саналады. Бұл студенттің келешекте білімді де, білікті маман болуына бағытталған бағыт-бағдар көріністері. Мен студенттердің «Туризм саясаты және жоспарлау» пәнінен тапсырға жазбаша емтихан жауаптарын тексеріп шықтым. Емтиханда арнайы комиссия мүшелері студенттің аты-жөндері жазылған парақшаны өздерінде қалдырып, оқытушыларға тек қана емтихан жауаптарын жинап әкеліп береді. Біз студенттің аты-жөні көрсетілмеген жауап парағын тексеріп, студенттің өзінің жазған білімін бағалаймыз»,-дейді.

Емтихан тапсырып шыққан студенттердің де пікірін білген едік. Университетіміздің Әлеуметтік ғылымдар факультетінің Журналистика мамандығының 3 курс студенті Айдана Жұмабергенова:

«Емтихан біздің білім деңгейімізді бағалайтын кезең десем де болады. Өйткені, студенттер емтиханда өз білімдерін ашық, айқын көрсетіп жүр. Біз емтихан ережелерімен танысып кіретін болғандықтан, талаптарды орындаймыз. Емтихан арнайы орнатылған камералар арқылы бақыланады. Көмекші құралдар алып кірген студентті емтиханнан шығарып жібереді. Тексеріс қатал. Жауап парағымызды комиссия мүшелері аты-жөнімізді алып тастап, шифрлап жібереді. Жауап парағымыз оқытушының алдына аты-жөнімізсіз барады. Бұның барлығы университетіміздегі студенттердің білімі әділ бағаланып, біздің сапалы маман болып шығуымыз үшін жасалып жатқан жағдай. Еліміздің дамуына үлесімізді қосу үшін білікті маман болып шығу біздің басты мақсатымыз»- деп сөзін аяқтады.

Университетіміздегі барлық факультеттерде кезекшілер мен комиссия мүшелерінің жұмысы жүйелі, емтихан кезінде студенттердің денсаулығын қадағалау мақсатында арнайы медициналық орталықтың маманы кезекшілігін атқаруда.

 

Ақпарат орталығы