Университетімізге ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі келді

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиника-диагностикалық орталығына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров, Міндетті  әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов және Денсаулық сақтау министрлігі департаментінің директоры Айнұр Айыпханова бастаған топ келді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Абдрасилов және клиниканың бас дәрігері Сандуғаш Рүстемова делегация өкілдеріне клиниканы аралатып, тіркеу бөлімінің жұмысы арқылы пациенттердің құқығын және сақтандырылғандығы жөніндегі  ақпарат беретін құрылғының жұмысымен таныстырды. Делегация құрамы науқастар үшін бейінді мамандар қызметінің қаншалықты қолжетімді екенін бірыңғай КМИС жүйесі арқылы тексерді. Сондай-ақ, емханада медициналық қызмет көрсететін бейінді мамандардың жұмыс кестесін бақылап, қабылдау бөліміндегі ТРИАЖ жүйесімен және оңалту бөлімінде инсульттан кейін ем қабылдап жатқан науқастардың жай-күйімен танысты. Сонымен қатар, жұмыс тобы клиниканың гемодиализ бөлімінде медициналық қызметтердің көрсетілу барысын бақылады.

Клиникалық диагностикалық орталық мекемесін аралау кезінде емхананың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша жұмыс істеуге дайын екенін мекеме қызметкерлері көрсетті. Клиникалық-диагностикалық орталығында  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 01.01.2020 жылдан бастап еңгізіліп, клиникаға келген халықтың ыңғайлығы үшін МӘМС жүйесі бойынша арнайы терминалдар жұмыс істеп тұр.

МӘМС – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру –  бұл тұрғындарды ауру, жарақат,  жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі. Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру үлгісін таңдау барысында 50-ден астам елдің тәжірибесі зерделенген.  Денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын, медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін, Медициналық көмектің кең ауқымды пакетін қамтамасыз етеді.

Осы тұрғыда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиника-диагностикалық орталығының заман талабына сай мүмкіншілігі бар екендігін және  клиникамыздың халыққа медициналық қызмет көрсете отырып, болашақ медицина саласына кәсіби мамандарды дайындап жатыр.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Б.Абдрасилов:

«Қазіргі уақытта клиникаға біздің аймақтың 24,5 мыңнан астам тұрғыны тіркелген. Клиникада 80-нен астам дәрігер-ғылым докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттары, жоғары санатты дәрігерлер, 363 орта және кіші қызметкерлер, әкімшілік-шаруашылық қызметкерлер еңбек етеді. Олардың көпшілігі шетелде, озық үлгідегі түрік клиникаларында оқып, тағылымдамадан өткен. Сондай-ақ, біздің клиникада болашақ дәрігерлерді дайындау жүйесіне органикалық интеграцияланған және оның базасында студенттер үшін тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Дәрігерлер университет клиникасында медицина факультетінің сабақ беретін ұстаздарымен бірлесіп науқастың диагнозын қоюға  мүмкіндіктері бар. Жақында кардиология және травматология бағыты бойынша  реабилитация орталығын ашу жоспарлануда. Бұл орталықта неврологиялық науқастарды емінен кейін қайта қалпына келтіру үшін жұмыстар жүргізіледі.  Клиникада жоғары білікті мамандар жұмыс жүргізеді. Соңғы жылдары клиникаға бірқатар заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен толықтырылуда» — деді.

Клиникамыздың жұмысымен танысу барысында Міндетті  әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы А. Жұмағұлов жаңа жүйе бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты өз пікірін білдірді.

«Жалпы бүгінгі күні штабы міндетті медициналық сақтандыру қорының арнайы штаб  мүшелерінің Түркістан облысы бойынша жиыны өтті. Бұл жүйеге жалпы дайындық жұмыстары жақсы. Мақсатымыз  медициналық әлеуметтік сақтандыру жұмыстары бойынша мәселелерді анықтау, шешу жолдарын қарастыру. Бұл шара республика көлемінде өтіп жатыр» — деді А. Жұмағұлов.

А.Ясауи атындағы ХҚТУ университетінің клиникасының бас дәрігері С.Рүстемова:

«Министрліктен келген жұмысшы тобына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа жүйесінің біздің клиникамыздағы жүргізіліп жатқан жұмыстары  мен дайындық барысы таныстырылды. Клиникамыз Түркістан қаласының халқына жаңа жүйе бойынша медициналық сапалы қызмет көрсетуге дайын. Диагностикалық, МРТ, компьютерлік томография, басқа да қажетті құрал-жабдықтарымыз бар. Қазіргі таңда, клиника-диагностикалық орталығында университетіміздің медицина факультетінің студенттеріне де тиімді  клиникалық база  ретінде жұмыс істейді. Клиникамызда 120 жатақ орын бар, 24500 халық тіркелген амбулаториялық көмек бере аламыз».

Сапар барысында Түркістан өңірінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру және еліміздің денсаулық сақтау нысандары үшін кадрлар даярлау мәселелері талқыланды. Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені зерделеу және енгізу, клиниканы JCI (Joint Commission International) стандарттары бойынша халықаралық аккредиттеуден өтуге дайындау мәселелері қаралды.

Қонақтар жақында ашылған стоматологиялық клиниканың материалдық-техникалық, зертханалық базасымен, сондай-ақ университеттің медицина факультетіне арнап сатып алған жаңа инновациялық оқыту жабдықтарымен  танысты.

 

Ақпарат орталығы