Кезекті Сенат мәжілісі өтті

Университетіміздің Сенат залында 2019-2020 оқу жылындағы 5-Сенат мәжілісі өтті. Жиынға Сенат мүшелері мен ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, факультет декандары, кафедра меңгерушілері және орталықтар мен бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібінде 6 мәселе және басқа да түрлі 20 шақты мәселе қаралды.

Сенат мәжілісінің күн тәртібінде мына мәселелер қамтылды. 2019 жылғы университеттің шаруашылық және қаржылық қызметтердің қорытынды есебі; 2020 жылға арналған шаруашылық жұмыстарды жоспарлау, бекіту туралы; Рухани жаңғыру бағдарламасы мен Жастар жылына орай атқарылған іс-шаралар қорытындысы және алдағы «2020 жыл Еріктілер (волонтерлар) жылына» қойылатын міндеттер туралы; Ғылыми гранттардың қорытынды есебі туралы; 2019-2020 оқу жылының 2-семестріне босаған мемлекеттік білім беру гранттарына үміткерлерді ұсыну туралы; 2019-2020 оқу жылының 2-семестріне Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған стипендияға үміткерлерді ұсыну; Әртүрлі мәселелер.
Мәжілісті ректор Б.Абдрасилов оқытушы-профессорлар құрамы мен сенат мүшелерін жаңа жылмен құттықтап, 2019 жылы университетіміздің жеткен жетістіктеріне тоқталды.

«Университетіміздің 150 ОПҚ ағылшын тіліне оқыту грантын жеңіп алып, 105 млн теңге қаржы алынды. Курс соңында оқытушылар IELTS 6.0 деңгейін меңгеріп шығады, университетіміздің ғылыми жарияланымдарының саны мен сапасы жағынан өсім көрсете отырып, Elsevier компаниясының «Жыл Серпілісі-2019» номинациясына ие болдық. Сонымен қатар, жыл сайын өткізілетін «Ғылым қоры» АҚ ұйымдастырған Көрмеге алғаш рет қатысып, 2 коммерцияландыру жобаларының нәтижесі Парламент депутаттары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне, бизнес өкілдері мен ғалымдарға таныстырылды. 2020-2022 жылдарға жас ғалымдарға арналған ғылыми зерттеу гранттарына 22 жұмыс ұсынылып, қазіргі таңда 11 жоба ҰҒК шешімін күтуде. Желтоқсан айында әлемдік ғылыми аналитикалық платформа – SciVal бағдарламасын енгіздік. Бұл бағдарлама ғалымдарымыздың ғылыми потенциалын арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ, 6 оқытушымыз 2019 жылдың «ЖОО үздік оқытушысы» атанды. 2019 жылғы ғылым саласындағы атаулы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендия иегерлері белгіленді. Университетіміздің екі жетекші ғалымы мен екі жас ғалымы осы стипендия иегерлері» — деді.

Болатбек Серікбайұлы университет ұжымының атынан барлық марапат иелеріне сәттілік тілеп, алдағы уақыттарда да университетіміздің, еліміздің ғылымының дамуына үлкен серпіліс әкеледі деп сенетіндігін айта келіп, шығармашылық табыстар тіледі.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе 2019 жылғы университеттің шаруашылық және қаржылық қызметтердің қорытынды есебі. 2020 жылға арналған шаруашылық жұмыстарды жоспарлау, бекіту жөнінде Әкімшілік-шаруашылық істері жөніндегі вице-президент Н.М.Батырбаев университеттің Түркістан қаласындағы 5 студенттік, 2 жанұялық жатақхана, 7 оқу және 3 қосымша қызмет көрсету ғимараттарына, сонымен қатар, Кентау мен Шымкент қалаларының ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін айтты. Былтыр жатақханалар мен оқу ғимараттарына, оқу процесіне қажетті заманауи құрал-жабдықтар, медицина бағыты бойынша тапсырыс берілген анатомиялық столдар, зертханаларға соңғы үлгідегі микроскоптар, Стаматология факультетіне құрылғылар мен факультеттердегі компьютерлердің саны көбейгендігіне тоқталды.
Екінші мәселе бойынша Ғылыми гранттардың қорытынды есебі туралы комитет төрағасы, Ғылыми-зерттеу істері жөніндегі вице-президент К.М.Беркімбаев ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ғылыми және ғылыми техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурс қорытындысы бойынша 2018-2020 жылдар аралығында университетте 11 жоба бойынша ғылыми жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын, орындалған жұмыстардың жылдық актісі және жылдың қаржылық есебі Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитетіне өткізілгендігін жеткізді. 2019 жылы ҰМҒТСО Ұлттық ғылыми кеңестен комиссия құрамы 8 ғылыми жобаға тексеру жүргізілгендігін айтты.
Рухани жаңғыру бағдарламасы мен Жастар жылына орай атқарылған іс-шаралар қорытындысы және алдағы «2020 жыл Еріктілер (волонтерлар) жылына» қойылатын міндеттер туралы Әлеуметтік қолдау және тәрбие істері жөніндегі вице-президент Ә.Е.Абуов рухани жаңғыру бағдарламасы аясында университет көлемінде атқарылған іс-шаралар мен Президентіміздің 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауына орай ерікті жастарымыздың атқаратын жұмыс жоспарымен жан-жақты таныстырды. Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша атқарылған шаралардың ақпараттық насихатталуына тоқталды. Университет ректоры Б.Абдрасилов «Еріктілер жылына» байланысты ерікті жастарды Түркістан, Кентау аймағындағы өзендердің жан-жағын тазартуға, ағаш отырғызып өңіріміздің тазалығына, түрленуіне өз үлестерін қосатындығын айта келіп, ұсынысты көктемге қарай жоспарлауды тапсырды. Университетіміздің I вице-президенті Женгиз Томар: 2020 жылы ЮНЕСКО қолдауымен халықаралық деңгейде аталып өтілетін Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналып Түркияда Әл Фараби жылы жарияланғандығын айтты. Түркия тарапынан ауқымды шараға арналған жоспарлардың жасалып жатқандығын мәлімдеді. Университетеміздің Ботаникалық бағының Түркістан қаласына маңыздылығын айта келіп, жұмыстарды жандандыру бойынша бірнеше ұсыныстарды жеткізді.
2019-2020 оқу жылының 2-семестріне босаған мемлекеттік білім беру гранттарына үміткерлерді ұсыну туралы Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Т.Ж.Ниязов Мемлекеттік білім грантының бос орындарына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің күндізгі бөлім студенттерін ұсынды. Сондай-ақ, 2019-2020 оқу жылының 2-семестріне Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған стипендияға үміткерлерді ұсыну туралы мәселесінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесін бекіту туралы» ережесіне сәйкес университет білім алушылары, бакалавриат 3-курс студенттеріне және 2-курс магистранттарына берілген тізім бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын тағайындау туралы бұйрық шығарылып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне магистранттар мен студенттердің тізімі белгіленген мерзімнен кешіктірілмей жіберілетіндігін жеткізді. Сенат мәжілісінде әртүрлі мәселелер бойынша Ғылыми атақ алу үшін университет ОПҚ-ның құжаттарын ҚР БҒМ-нің Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитетіне ұсыну, 2019-2020 оқу жылына докторантура білім беру бағдарламасы бойынша қабылданған  докторанттардың докторлық диссертация тақырыптарын бекіту және 2019-2020 оқу жылындағы бітіруші білімгерлерді қорытынды аттестаттау үшін Аттестаттау комиссиясы төрағаларын бекіту, Оқытушы-профессорлар құрамының дайындаған монографияларын бекітіп, баспаға ұсыну бойынша мәселелер қаралып, тапсырмалар берілді.

 

Ақпарат орталығы