Сот жүйесінің ашықтығы-заман талабы

Бүгін университетімізде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен Облыс әкімдігі мен Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ұйымдастыруымен «Сотқа дейінгі іс жүргізу: шындығы және жетілдіру жолдары» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Киелі өңірде өткен ауқымды жиынның негізгі мақсаты – сотқа дейінгі іс жүргізудегі және құқық қолданудағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылау, халықаралық тәжірибелерді зерттеу, сондай-ақ бірыңғай процессуалдық бастамаларды жүзеге асыру мен тиімді тәсілдерді әзірлеу.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жетілдіруге бағытталған ғылыми-практикалық шараға  Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Н.Шабдар, Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Б.Абдрасилов, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ I вице-президенті Женгиз Томар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының жауапты қызметкері М.Жиенбаева , Ресейдің мемлекеттік Әділет университетінің Қылмыстық іс жүргізу құқығы кафедрасының доценті А.Кравцова, Түркия елінен TMSF «Savings Depozit Insurance Fund» басшысы Н.Гюнеш, көршілес Өзбекстан еліндегі Ташкент мемлекеттік университетінің доценті С.Муратаев, ҚР Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық кеңестің мүшесі, белгілі қорғаушы А.Омарова, ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Қоғамов пен бірқатар заң өкілдері арнайы қатысып, қылмыстық іс бойынша алдын-ала тергеу жүргізудің тәртібі туралы ойларын ортаға салды.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Н.Шабдар: «Құрметті қонақтар, әріптестер! Бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жетілдіру мәселелері талқыланатын болады. Алдымен осы конференцияны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Сотқа дейінгі тергеуде бақылау нормалары енгізілген. Қылмыстық іс жүргізуде сандық жүйені енгізу қолға алынуда. Бұлардың барлығы процестегі ашықтықты қамтамасыз етеді»-деп пікірін білдірді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.Қалқаманов хандар мен билердің қазақ халқының қоғамдық өміріндегі әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық саяси сана мен мәдениеттің дамуына ықпал еткендігіне тоқталды. Бүгінгі конференция қатысушыларының біздің құқық қорғау саласына, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жаңа мүмкіндіктері мен тәсілдерін бірігіп талқылайтындығына сенім білдірді.
Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Б.Абдрасилов: «Құрметті конференцияға қатысушылар мен әріптестер! Бүгін маңызды шараны өткізуге жиналып отырмыз. Қылмыстық істі жүргізу, сотқа дейінгі іс жүргізу мәселелері өте маңызды. Өздеріңізге белгілі, 2014 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық-процестік кодексі қабылданып, 2015 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатыр. Біздің оқу орнымызда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен өткізіліп жатқан осы маңызды шарада сот саласындағы мәселерелер жан-жақты талқыланып, оң өзгерістер енгізуге мүмкіндік туатын ашық алаң болады деп есептеймін»-деді.
500-ден аса заң өкілдері бас қосқан халықаралық жиында Түркия, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген уәкілетті органдар мен еліміздегі Жоғары Соттың, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері заң аясында диалогтық алаң құрып, үздік тәжірибелерімен ой бөлісті.
Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ I вице-президенті Женгиз Томар: «Құрметті достар, әріптестер! Оқу орнымызда Қазақстанның болашағы үшін маңызды мәселелер талқыланатын ауқымды жиындардың өткізілуі біздің ғалымдарымыздың да өз тәжірибелері мен білімдерімен бөлісулеріне мол мүмкіндік жасалады. Конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеймін!» -деп қорытындылады.
Халықаралық конференция барысында Департаменттің бастамасымен түсірілген «1424» көркем фильмі көпшілік көрерменнің назарына ұсынылып, барлық рөлдерді кәсіби деңгейде сомдап шыққан Департамент қызметкерлері мен Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылының» тәрбиеленушілері сахна төрінде жиынға қатысушы қонақтарға таныстырылды. Түбі бір түркі жұртының тарихы мен тұтастығы тоғысқан Түркістан өңірінде өткен бұл Халықаралық конференция киелі өңір тұрғындарын парасаттылыққа тәрбиелеп, адалдық атмосферасын қалыптастыруға жол ашпақ.

 

Ақпарат орталығы