ХҚТУ клиникасында «Ашық есік күні» өтті

Бүгін ХҚТУ Клинка-диагностикалық орталығында «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының» кардиолог, кардиохирург дәрігерлердің қатысуымен «Ашық есік күні» өтті. Кардиохирург-профессор, академик Сейітхан Жошыбаев өзінің мамандарымен Тараз қаласынан арнайы Түркістан халқына өз көмегін көрсету мақсатында келіп отыр. Қала халқымен қатар, жүрек аурумен тіркеуде тұрған науқастар да арнайы шақырылып, тексерістен өтті.
Науқастарға УДЗ – Эхо кардиографиясымен мамандар тегін тексеріп, жүрек аруының диагнозын нақтылайды, емнің барабар әдісін таңдап, дәрігерлік кеңестер берді.
Кардиохирург-профессор, академик Сейітхан Жошыбаев: «Түркістан облыс орталығы атанып жатыр, әрі киелі қаланың кардиохирургиясы жоқ. Осыны ойлай келе, әрі елге қолымыздан келген көмекті көрсетейік деп, әріптестерімізбен ақылдасып, жүрегі ауыратын науқастарды тегін тексерістен өткізіп, кеңесімізді берейік деген мақсатпен келдік. Бүгін жүз науқасты қабылдасақ деп отырмыз. Мен осы Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Құрметті профессорымын. Бұл жердің студенттері біздің орталықта іс-тәжірибеден өтіп тұрады»-деген академик, алдағы уақытта Түркістан қаласынан филиал ашатын ойларын да айта кетті.
А.Абдуллаев қала тұрғыны: — Жүрегім он жылдан бері ауырады. Жақсы мамандар келді дегенді естіп келіп отырмын. Таңғы сағат 9.30 келіп, қырқыншы болып кезек алдым. Қазір науқас адамдар өте көп. Осындай мамандар жиі келіп тұрса, дұрыс болар еді – деген тілегін білдірді.
Бүгінгі «Ашық есік күнінің» есігінен байқағанымыз ақ халатты абзал жандардың көмегіне мұқтаж жандардың көптігі болды. Бір күн болса да киелі Түркістан халқына көмек қолын созып келген профессор Сейітхан Жошыбаев бастаған дәрігерлерге алғысымыз шексіз.

 

Ақпарат орталығы