Халықаралық әріптестік байланыстар нығаюда

Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ мен Самара мемлекеттік медициналық университеті арасында медицина саласы бойынша білім, ғылым және инновация бағыттарында әріптестік орнату мақсатында Самараға арнайы делегация іс сапармен барды. Делегация құрамында Оқу істері жөніндегі вице-президент Ө.Үмбетов, Ғылымды коммерцияландыру департаментінің директоры Е.Керімбеков, Медицина факультетінің деканы Ы.Молдалиев және Жоғары медициналық білімнен кейінгі білім беру факультетінің деканы М.Жүнісов бар. Делегация құрамы СамММУ ректоры профессор А.Колсановпен кездесіп, екі университет арасындағы байланысты нығайту бойынша келісімдерді жүзеге асыру талқыланды.

Университетіміздің өкілдері СамММУ-дың клиникаларымен, оқу және ғылыми лабораторияларымен, эксперименталды медицина және биотехнология институты, гравитациялық терапия орталығы, арнайы диагностикалық орталық, инновациялық даму институты, технопарк, ілгері зерттеулер орталығы (IT медицина және виртуалды хирургиялық клиника), аккредитациялық және симуляциялық орталық, орталық кітапхана және 20-ға жуық негізгі кафедралар жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, басшылар және қызметкерлермен кездесулер өтті.

Сонымен қатар оқу ісі, ғылым және клиникалық жұмыстар жөніндегі проректорларымен, емдеу ісі және стоматология факультеттерінің декандарымен, жоғары білімнен кейінгі білім беру институты директорымен жекелей салалар бойынша келіссөздер жүргізілді.

Нәтижесінде, академиялық ұтқырлық бойынша ортақ инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ортақ ғылыми жобалар мен жарияланымдар жасау және жиындар өткізу, докторанттарға жетекшілік, ілгері және қолданбалы ортақ зерттеулер, инновациялық өнімдер мен қызметтерді дамыту, IT медицина, заманауи инновациялық құрал-жабдықтарды сатып алу, тәжірибе алмасу бағыттары бойынша нақты келісімдер мен жоспарлар жасалды.