Бала қауіпсіздігі және білім саласындағы тәуекелдер

Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде облыс прокуратурасының бастамасымен «Бала қауіпсіздігі және білім саласындағы тәуекелдер» тақырыбында ашық форумы өтті. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, университетіміздің ректоры Б.Абдрасилов және профессор-оқытушылар құрамы, облыстық жергілікті атқарушы органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері, құқық қорғау және бақылау органдарының басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еріктілер қатысты.
Облыс прокуроры Н.Әбдіров кәмелетке толмағандардың проблемалық мәселелерін барлық мүдделі органдар және қоғам өкілдерімен ашық диалог форматында талқылаудың өзектілігі мен қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі Ө.Шөкеев мектеп жасындағы барлық балалардың бос уақыты болмауы керектігін, мектептерде қосымша үйірмелердің жұмыстарын жандандыруға баса назар аудару қажеттігін жеткізді.  Облыс прокуратурасы мен Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бірлескен ғылыми жұмыстарының нәтижелері форум қатысушылардың назарына ұсынылды. 2019 жылдың 14 маусымында Түркістан облысы прокуратурасы мен университетіміздің арасында өзара ынтымақтастық орнату туралы меморандум жасалған. Осы меморандум негізінде Қазақстан Республикасында қылмыстың алдын алу шаралары бойынша тұңғыш рет ғылыми негіздемелі бірлескен жобалар іске асырылды.
Университетіміздің ғылыми-зерттеу істері жөніндегі вице-президенті К.Беркімбаев:- Түркістан облысы прокуратурасы мен университетіміздің арасында өзара ынтымақтастық орнату Меморандумы аясында атқарылатын іс шаралардың жоспары бекітіліп, жүзеге асыру мақсатында оқу орнымыздың ғалымдарынан жұмыс тобы құрылды. Жұмыс барысында суицид бабы бойынша тіркелген 20 дана қылмыстық іс сарапталып, талдау жасалды. Жүргізілген зерттеулерде университет ғалымдарының жинақталған ғылыми-зерттеу нәтижелері практикалық тұрғыда қолданылып, ғылыми нәтижелердің қолданбалылығы айқындалады. Тіркелген қылмыстық істер бойынша педагогикалық, әлеуметтік және психологиялық профильдер анықталып, зерттеу нәтижесі негізінде оқу әдістемелік құралдар дайындалды- деп атқарылған жұмыстар барысын жеткізді.
Сонымен қатар, университет ғалымдары тарапынан бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.  Оңтүстік телеарнасында бала, отбасы, тәрбие және қоғам бағытында арнайы бағдарламалар жасау; Ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін «Адами ресурстарды басқару» басқармасы тарапынан ғылыми жобалар конкурсы жарияланып, қаржы бөлінсе; Университет базасында мектеп психологтарының және тәрбие жөніндегі директор орынбасарларының біліктілігін жетілдіру курстарын модельді түрде пилотты жоба ретінде ұйымдастыру; 4 курс студенттерінен ерікті жастарды жасақтап, зерттеулерге жұмылдыру;
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылды Еріктілердің жылы деп жариялауына байланысты топтың құрамына осы жұмысқа қатысуға ниет білдірген қоғам өкілдері мен еріктілерді қосу ұсынылды. Форумның күн тәртібіндегі мәселелер оның қатысушылары арасында қызығушылық пен пікірталас тудырып, оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізілді.