Магистранттар ғылыми тағылымдамадан өтті

Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті арасындағы қос диплом беру туралы келісім-шарт аясында жоспарланған тағылымдама қорытындыланды.
Университетімізде Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті Түркология мамандығының 2 курс магистранттары 13-28 қаңтар аралығында тағылымдамадан өткен болатын. Жиынға Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің проректоры Сұлтан Нароматов пен магистратура бөлімінің басшысы Рауф Еркулов, университетіміздің I вице-президенті Женгиз Томар, Филология факультетінің деканы Н.Айтбаева, Түрік филологиясы кафедрасының меңгерушісі Б.Байрам және оқытушы-профессор құрамы қатысты.

Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ I вице-президенті Женгиз Томар: — Түркістан Түркі әлемінде стратегиялық орынға ие, сондықтан түркология орталығы болу өте ыңғайлы. Біздің университетіміздің түркология бөлімін осы тұрғыда күшейткіміз келеді. Біз түркі әлеміндегі білім беру саласындағы қатынастарды дамытуға үлес қосқымыз келді. Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетімен бірлескен түркологиялық бағдарламамызды жүзеге асырудың алғашқы қадамы болып табылады — деп сөзін аяқтады.
Жиында екі ел арасында инновациялық оқыту әдістерін ұйымдастыру мен академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттердің білімін жан-жақты арттыру, лекция және семинарлар ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасу жұмыстары нақтыланды.
Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің проректоры Сұлтан Нароматов екі университеттің арасындағы әріптестік байланыстың нәтижесінде шәкірттерінің осында келіп білім алып, тағылымдамадан өткеніне ризашылығын жеткізді. Екі апта бойы алған білімдерінің нәтижесі зерттеу жұмыстарына көп септігін тигізгендігіне сенім білдірді. Университеттің ғалымдарына алғыс айтып, алдағы уақытта Өзбекстан Респуликасында болып студенттерімізге лекциялар мен семинарлар өткізуді жоспарлайтындығын айтты.
Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті Түркология мамандығының 2 курс магистранты Ахметжанова Мафтуна: — Біз, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-да екі апта бойы тағылымдамадан өткенімізге өте қуаныштымыз, осындағы Нұрсәуле апайымыз бастаған ағай-апайларымызға алғысымызды білдіреміз. Зерттеу жұмыстарымыздың тақырыптары бойынша көптеген еңбектерді таптық. Университеттің кітапханасы өте үлкен, барлық түркі тілдеріне қатысты ғылыми еңбектер жеткілікті екен. Электронды оқулықтарды да пайдаландық. Біздің Түркістанға алғашқы келуіміз. Бізге ұнады, әдемі қала екен. Бұл университетте жас ғалымдарға барлық жағдай жасалған. Болашақта білімімді осы университетте жалғастырғым келеді- деп пікірін білдірді.
Жиын соңында Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті Түркология мамандығының 2 курс магистранттарына арнайы сертификаттар табысталды.