Жаңартылған білім мазмұны-заман талабы

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен А.Байтұрсынұлы Білім Академиясы бірлесіп «Мектеп жаңаруын ғылыми-педагогикалық сүйемелдеу» атты Республикалық оқу-әдістемелік семинар өткізді. Семинардың мақсаты — орта білім мазмұнының жаңаруы барысындағы өзгерістер мен практикада кездесетін күрделі мәселелерді талдау, оларды шешу жолдарын анықтау. Жиынға Республикамыздың барлық өңірлерінен келген ұстаздар, университетіміздің 45 оқытушы-профессор құрамы мен облыстық білім басқармасының әдіскерлері, 100-ге жуық мектеп мұғалімдері қатысты.
Маңызды жиынды университетіміздің оқу істері жөніндегі вице-президенті Ө.Үмбетов пен А.Байтұрсынұлы Білім Академиясының директоры Ұлан Еркінбаев ашып, семинардың мақсаты, мазмұны мен өзектілігіне тоқталып, алдағы уақытта да бұндай маңызды семинарлардың өткізілетіндігін жеткізді. Семинар спикерлері «Үздік оқытушы», п.ғ.к  А.Қисымова мен білім беру ісі бойынша үздік сарапшы Е.Болатханұлы жүргізді. Семинар 72 сағаттық «Білім беру мазмұнының жаңаруы жағдайында білім сапасын көтеру мүмкіндіктері» атты авторлық бағдарламасына негізделген. Семинарда білім беру мазмұнының өзгеруіне әкелген үрдістер, тиімді сабақ жоспарлары, білім мен мектеп стратегиясы, жаңарудың тәрбие жұмысына әсері жөніндегі мәселелер қарастырылды. Семинар қатысушылары ЖОО мен мектеп арасында ғылыми-әдістемелік байланыс орнатуға мүмкіндік алып, орта білім беру саласындағы реформалық өзгерістер туралы теориялық білімін өз практикасында жаңа тәжірибелермен жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, педагогикалық процесс барысындағы қиындықтарын шешуге арналған білім-дағдыларды игеріп, жаңару үдерісіндегі «Әкімшілік – Мұғалім – Оқушы – Ата-ана» жүйесінің тетіктерін оңтайландыру жолдарын меңгерді. Семинарға қатысушылар жаңартылған білім мазмұны бойынша ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар семинарды ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Курс соңында тыңдаушыларға сертификат табысталды.

 

Ақпарат орталығы