Университет кітапханасы жаңа оқулықтармен толықты

Бүгін университетіміздің Ғылыми кітапханасында жаңа кітаптардың таныстырылымы өтті. Жиынға университет ректоры Б.Абдрасилов, вице-президенттер — П.Пилтен, Ө.Үмбетов, К.Беркімбаев, оқытушы-профессорлар мен студенттер қатысты. Университеттің Ақпараттық – ресурстық орталығының кітап қоры кафедралар тарапынан 2019-2020 оқу жылында берілген сұраныстар негізінде сатып алынған кітаптармен толықтырылды. Барлық оқулықтар кітап қорына енгізіліп, техникалық өңдеуден өтіп, оқырмандар назарына ұсынылды.
Университет тарапынан 48,5 млн. теңге бөлініп, 12800-ге жуық оқулықтар, монография, оқу құралдары сатып алынды. Нәтижесінде кітап жаңартылуы 3 пайызға жетті. Барлық мамандықтар жаңа кітаптармен қамтылды десек болады. Алынған кітаптардың басым бөлігі Медицина мен Стоматология мамандығына берілген. Себебі университет білімгерлерінің 40 пайызын осы екі факультет құрайды. Жалпы кітапхана қорында бүгінгі күні 617 000 кітап бар. Айта кетейік, оқу ордамыз Ерекше мәртебеге ие болғалы жаңа мүмкіндіктерге қол жіткізіп отыр. Соның ішінде кітапхана қорын күшейту бағытында ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, университет басшылығы Skopus секілді әлемдік деңгейдегі ғылыми басылымдардың базасына жазылуға қол жеткізді. Сонымен қатар Түркияның ғылыми-технологиялық зерттеулер кеңесі (TUBITAK) арқылы Түркия университеттерінің электронды формат арқылы кітаптарын пайдалануға мүмкіндіктер алды.

Ақпарат орталығы