«Тарту» әзіл-сықақ театры ашылды

Университетімізде Спорт және Өнер факультетінің студенттерінен құрылған «Тарту» әзіл сықақ театры ашылды. «Актерлік өнер» мамандығының өнерлі жастарының басын қосқан «Тарту» әзіл сықақ театрының алғашқы тұсау кесер концертіне оқу орнымыздың ұстаздары мен жастары қатысты.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Әлеуметтік қолдау және тәрбие істері жөніндегі вице-президенті Әміреқұл Абуов «Тарту» әзіл сықақ театрының алғашқы қадамдарына сәттілік тілеп, құттықтады. Тек қана Қазақстанға ғана емес, Түркі елдеріне танымал болып, Киелі Түркістан мен оқу орнымыздың атын таныта берулеріне тілектестігін білдірді. Оқу орнымыздағы барлық өнерлі жастарға әрқашан  қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.


Театр актерлері студенттердің өмірі, қоғамда болып жатқан оқиғаларды астарлы әзілмен жеткізді. Өнерлі жастар өздеріне берілген рөлдерді кәсіби деңгейде сомдады.
«Тарту» әзіл сықақ театрының жетекшісі Мақсат Әбдіқадыр — Біздің оқу орнымызда білімді, талантты, алғыр шәкірттер өте көп. Жастардың оқу ордамыздағы түрлі мерекелік шаралардағы қойылымдарда таланттарын байқап, өнерлі жастардан театр ашсақ деген ой келді. Студенттер сахнада бірін-бірі түсініп, әріптестік қатынасты жақсы дамыта алады. Театрдың ашылуына университет басшылығы мен облыстық, қалалық жастар орталығына алғысымызды білдіреміз. Болашаққа жоспарларымыз көп. Елімізде ұйымдастырылатын Күлкі жәрмеңкелеріне қатысу ойымызда бар. Қазақы қалжыңдарымызбен халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйласақ, біздің мақсатымызға жеткеніміз деп білеміз-дейді. 

 

 

Ортақ қуанышқа жиылғандар әр қойылымға қошеметтерін аямады. Бауыржан Момышұлы айтқандай «Ой жетпейтін жер болмайды, Күлкі жеңбейтін жау болмайды»,  театрдың алар асуы әлі алда. «Тарту» театрының өнерлі жастарына өнер әлеміне басқан қадамдарына сәттілік тілейміз!

 

Ақпарат орталығы