«Жасөспірімдердің өзіне қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу» семинар-тренингі

Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Жасөспірімдердің өзіне қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу (профилактикасы)» атты 76 сағаттық тәжірибеге бағытталған Түркістан қаласы бойынша мектеп директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен психологтарына арналған пилоттық жоба аясындағы курс басталды. Ауқымды шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы өзіне қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу, психологтарға жылдар бойы авторлар тарапынан түрлі апробациядан өткізілген тәжірибелік әдістемелермен таныстыру.
Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасиловтың бастамасымен ұйымдастырылған семинар — тренингтің ашылуына университеттің вице-президенттері Ө.Үмбетов, Қ.Беркімбаев, Пусат Пилтен, Ш.Есимова және оқу орнымыздың ғалымдары мен Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев, прокуратура өкілдері қатысты. Еліміздің кейбір аймақтарында жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсау (суицидтік) әрекеттерінің артуы айтарлықтай мәселеге айналып отыр. 2018 жылы Түркістан облысы бойынша жалпы 106 суицид жағдайына  ұшырауы орын алған, оның 42-сі өліммен аяқталған, 2019 жылы облыста 81 суицид жағдайына ұшырауы орын алған. Аталған жағдайға себеп болатын жайттарды анықтауда және оның шешімін табуға сала мамандары мен ғалымдар күш салып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың қаңтар айында облыстық прокуратура мен Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ бірлесіп аталған мәселе тақырыбы аясында семинар өткізген болатын. Университет ректоры Б.Абдрасилов Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысылығына ұсыныс айтып, Түркістан мен Кентау қалаларындағы суицидтің алдын алуға бағытталған мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен психологтарына арналған семинар тренинг ұйымдастыруға шешім қабылдады.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ғалымдары университет тарапынан халықаралық озық тәжірибеге негізделген арнайы тренингтік бағдарлама дайындады. Семинарда жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлар, оның ішіндегі зорлық зомбылық, суицид мәселелері, тәуекел топтарын анықтау, осындай жағдайларды болдырмаудың жүйелі түрде шешімін табу жолдарын қарастырады.
Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ғылыми–зерттеу істері жөніндегі вице-президенті Қ.Беркімбаев 2018-2019 жылдары Түркістан облысындағы жасөспірімдер өз өзіне қол жұмсау мәселелері бойынша республикадағы алдыңғы орындарда тұрғандығын айтып, осыған байланысты Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ғалымдары облыстық прокуратурамен бірлесе жұмыс тобын құрып, облысымызда орын алған өзіне қол жұмсау фактілері бойынша тіркелген нақты қылмыстық істерді зерттеу негізінде мектеп психологтарына, мұғалімдері мен ата-аналарға арналған әдістемелік нұсқаулықтар әзірлегендігін жеткізді. Мәселен, 2019 жылдың II жартысында суицидке байланысты байланысты көрсеткіш 8 пайыз бен 18 пайыздың аралығында төмендеген. Бұл пилоттық жоба. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты азайту мен өз өзіне қол жұмсау деректерін азайту мақсатындағы университет ғалымдарының үлесі екендігін атап өтті.


Курс тренері — Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Кәсіби дамыту институтының директоры, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық психология ғылымдары академиясының академигі, профайлер-верификатор, НЛБ-шебері, гипнолог Талант Қалдыбекұлы Бөлеев жиында былай деді:
«Бүгін, әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – суицидтің алдын алу жолдарын қарастырамыз. Әлемде тек қана бір жылдың өзінде 2 млн адам өз өзіне қол жұмсайды. Францияда 60 мың, Оңтүстік Кореяда 35 мың адам суицид жасаған. Елімізде де бұл мәселе өзекті болып тұр. Балалардың өмірін сақтау баршамыздың міндетіміз. Сондықтан бүгінгі семинар-тренингте мектеп директорының орынбасарлары мен психологтарына дәрістерді интерактивті режимде, іскерлік және рөлдік ойындар, кейстерді талдау, модерация, фасилитация, рефлексия, топтық талқылау, миға шабуыл секілді арнайы әдістерді үйрететін боламыз. Бұл курстың ерекешілігі ұстаздарымыз 2 апта бойы тәжірибеге бағытталған психологиялық амалдармен танысады»-деді.
Тренингтің бағдарламасын Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Кәсіби дамыту институты мамандары дайындады. Дәрістерде сондай-ақ, фильмдер мен кітаптардан мысалдарды талдау, дағдыларды дамыту бойынша жаттығулар жасау, психологиялық амалдарды көрсету және қолдану арқылы тренинг форматында өткізіледі.
Бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталған Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев:
«Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ғалымдарының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан семинардың орны ерекше. Университет ғалымдарының заман талабына сай заманауи бағыттағы осындай семинарларды өткізуі өте қажет. Жалпы облыстық прокуратурасы мен университет ғалымдарының атсалысуымен білім басқармасының мамандарымен жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп жатыр. Нәтижелеріміз де жаман емес. 2018 жылы 106 суицид жағдайы тіркелсе, 2019 жылы 83-ке төмендеуін айтсақ болады. Жас өспірімдердің өз өзіне қол жұмсауына баруына басты себептердің бірі- әлеуметтік жағдай, отбасындағы келеңсіз жағдайлар. Екінші, баланың ортада өзін таба алмауы. Сыныптастарының арасында қысымға ұшырауы, жалғыз сезінуі, өзін аша алмауы. Сонымен қатар, ғаламтордың да кері әсері үлкен рөл атқарып отыр. Бүгінгі маңызды шараны өткізіп отырған Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығына алғысымызды айтамыз –деп сөзін қорытындылады.


Тренингке қатысушылар курс тақырыбына қатысты жобаны қорғаумен аяқтайды және олар келешекте жалпы білім беру мекемелерінде қолданатын тәжірибелік дағдыларын дамытатын болады.
№9 Некрасов атындағы мектеп- гимназиясының тәрбие істері жөніндегі орынбасары Гүлмира Наурызбаева:
— Бүгін, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-ға жасөспірімдер арасында белең алып отырған өз-өзіне қол жұмсауды болдырмау мақсатында бүгінгі 2 апталық курсқа жиналып отырмыз. Бұл жағдайлар көбіне жасөспірімдердің өзіне назар аударту мақсатында, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, махаббатқа байланысты орын алып жатады. Сондықтан арнайы мамандар мен ата-аналар тарапынан әрбір баланы көзден таса қылмай, әр баланың психологиясына байланысты жеке жұмыстар жүргізілу керек. Ата-анасы айрылысқан отбасындағы жағдай балаларға ауыр тиеді. Психологтар осындай балаларды анықтап психологиялық көмек беру керек. Жасөспірімдер арасындағы өзін-өзіне қол жұмсауы, суицидтің белең алып жатқан уақытында бүгінгі басталған курстан күтеріміз көп. Осындай жағдайды болдырмаудың тың әдістерін үйренеміз, тәжірибе алмасамыз деген ойдамын. Ғылым мен техниканың дамыған заманда білімді, тәрбиелі жастарды тәрбиелеу міндетіміз-дейді.

Курс барысында психологтарға жылдар бойы авторлар тарапынан түрлі апробациядан өткізілген тәжірибелік әдістемелер беріледі. Курс соңында қатысушыларына сертификат беріледі.

Ақпарат орталығы